Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Жаңа білім ордасының есігін айқара ашуы – ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш әрі ерекше мағыналы оқиға.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясының ел бірлігін, тұрақтылығын және азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім сапасын арттыруға қатысты тапсырмаларының өңірде дәйекті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Бүгінгі Байқоныстағы еңселі мектеп – осы міндеттің нақты орындалуының көрінісі», – деді аймақ басшысы.
Соңғы үш жылда облыс көлемінде 7526 орынға арналған 26 жаңа мектеп салынды. Оның ішінде:
— 16 мектеп – КПО компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында;
— 7 мектеп – жергілікті бюджет есебінен;
— 3 мектеп – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында.
Кеше ғана жаңа оқу жылы қарсаңында Казталов ауданы Қоныс ауылында 60 орындық шағын мектеп пайдалануға берілген болатын.
Жаңа мектеп ғимараты оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие алуға, мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз соңында ауыл тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтап, жас ұрпақтың отаншыл, білімді әрі парасатты азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.
Жаңа мектеп – жарқын болашақтың бастауы.