Беларусь президенті Александр Лукашенко Бішкекте журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қырғызстанның бұрынғы басшысы Құрманбек Бакиевтің қазіргі өмірі туралы айтып, оны тарихи отанына жіберуге ниетті емес екенін әзіл-шыны аралас жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Біз оны сіздерге енді жібермейміз. Мен оған: “Ешқандай сапар жоқ, жетеді. Беларусьте өмір сүре бер” деп айттым. Өмірі жаман емес. Кейде шақырса, қонаққа барып тұрамын. Сондықтан біз оны сіздерге бермейміз», – деді Лукашенко.
Оның сөзінше, Бакиев Қырғызстанды сағынады және ең болмаса әкесінің қабіріне барып қайтуды қалайды.
«Бұрынғы президентке әкесінің бейітіне баруға рұқсат бермей қою – бұл дұрыс емес. Осы мәселені Қырғызстанның қазіргі басшылығымен бірге шешеміз деп ойлаймын», – деді ол.

