Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары «Бала Жамбыл» атанып, ел есінде ерекше дарынымен қалған жас ақын Жамбыл Дүйсеновті іздеп, бұрынғы бейнежазбаларын қайта бөлісе бастады, деп хабарлайды Todayinfo.
Таудай талабымен ерте танылып, зеректігімен талайдың назарын өзіне аударған Жамбыл Дүйсенов түрлі байқауларда топ жарып, мектепті қатарластарынан үш жыл бұрын тәмамдағаны туралы мәліметтер ашық дереккөздерде кездеседі. Бала жастан өнерімен ерекшеленген ол тіпті ақын Мұхтар Шахановтың батасын алған.
TikTok желісінде соңғы уақытта Жамбылдың бала кезінде түсірілген бейнелері қайта таралып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жатыр. Ал бүгінгі Жамбыл – есейіп, дарынды жігітке айналып, қазіргі таңда АҚШ-та білім алуда. Желіде тараған бейнежазбалардың бірінде ол Нью-Йорктің қақ ортасындағы Таймс-сквер алаңынан ата-анасы мен туған-туыстарына сәлем жолдайды.
«Қазір біз Нью-Йорктың дәл ортасымыз. Таймс-скверде адам қарасы көп. Бәрі қызық, өте әдемі жер», – дейді ол бейнежазбасында.
Айта кетейік, Жамбыл Дүйсеновтің осыған дейін үш кітабы жарық көріп үлгерген.