Балалардың гаджеттерді қолдану жасы мен уақытын дұрыс анықтау – әрбір ата-ана үшін өзекті мәселе. Алматы қаласы №21 қалалық емханасының психологы Гүлнара Абдраимованың айтуынша, ата-аналар балалардың электронды құрылғылар мен виртуалды әлемде өткізетін уақытын қатаң бақылауы қажет. Бұл туралы Todayinfo.kz хабарлайды.
Сурет: Dalle ЖИ арқылы жасалды / Todayinfo.kz
Гаджеттердің балалар өміріндегі рөлі
Гүлнара Абдраимова қазіргі таңда гаджеттердің отбасының ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір отбасы мүшесіне кем дегенде екі немесе одан да көп гаджет тиесілі. Егер бұрын ата-аналар баланы қуыршақтармен немесе ойыншық машиналармен жұбататын болса, қазір бұл міндетті гаджеттер атқарып жүр.
- «Балалар бұрынғыдай қозғалмалы ойындарға аз қатысады. Достарының орнын қазір әлеуметтік желідегі виртуалды «достар» алмастырды. Дегенмен, гаджеттердің зиянын жоққа шығаруға болмайды. Оларды мүлдем қолдануға тыйым салу да дұрыс емес. Бастысы – уақытты шектеу және ата-ананың қадағалауы», – дейді психолог.
Балаларға гаджеттерді қолдануға қатысты ұсыныстар
Психологтың айтуынша, гаджеттерді қолдануға қойылатын шектеулер келесідей:
- 2 жасқа дейін – мүлдем гаджет бермеу;
- 3-4 жас – күніне 30 минуттан аспау;
- 5-6 жас – күніне 1 сағатқа дейін;
- 7-9 жас – күніне 1,5 сағатқа дейін;
- 10-13 жас – күніне 2 сағатқа дейін;
- 14-16 жас – күніне 3 сағатқа дейін.
Психолог ата-аналарға бірізділік таныту маңызды екенін ескертеді. Қандай да бір жаңа әдетті қалыптастыру немесе жою үшін 3-4 апта уақыт керек.
Шектен тыс гаджет қолданудың салдары
Бас штаттан тыс балалар психиатры, Алматы қаласы психикалық денсаулық орталығының балалар стационарлық бөлімшесінің меңгерушісі Ольга Александрова гаджеттерді бақылаусыз қолдану цифрлық аутизмге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл – баланың әлеуметтік дағдыларының төмендеуі, сыртқы ортамен байланысының әлсіреуі және тәуелділікке ұшырауы.
Баланың қызығушылығын басқа бағытқа аудару
Гүлнара Абдраимова гаджеттерге деген тәуелділікті болдырмау үшін ата-аналарға баланың уақытын пайдалы әрі қызықты істермен толтыруды ұсынады:
- спорттық секциялар мен үйірмелерге жазу;
- шығармашылық жұмыстармен айналысу: қолөнер, сурет салу немесе музыка үйрену;
- ойыншықтар, спорттық жабдықтар, кітаптармен қамтамасыз ету;
- интернетте қауіпсіз орта құру үшін ата-аналық бақылауды орнату.
Гаджеттер қазіргі заманның қажеттілігі болғанымен, оларды қолдану уақытын шектеу және бақылау өте маңызды. Баланың психикалық және физикалық дамуына кері әсер етпеу үшін ата-аналар белсенді бақылау, тәртіп және қосымша қызығушылықтар ұйымдастыру арқылы әрекет етуі қажет.