«Балқаш Жылу» ЖШС директорының бұрынғы орынбасары және кәсіпорынның бас есепшісі бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотталғандар 2020 жылғы маусым мен 2023 жылғы қаңтар аралығында Балқаш ЖЭО мен Балқаш қаласын жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және жұмысын үздіксіз қамтамасыз етуге арналған бюджет қаражатын іс жүзінде қандай да бір келісімшарттар жасамастан, жалған кәсіпорындардың шоттарына аударған.
Ұрланған 708 млн теңге жылжымайтын мүлікке байланысты келісімдер жасау арқылы заңдастырылған.
«Тергеу барысында күдіктілер 144 млн теңгені қайтарды. Кінәлі адамдарды сот 5,5 жыл және 5 жыл бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген ҚМА хабарламасында.
Мемлекет кірісіне 3 бөлмелі пәтер мен Lexus автокөлігі тәркіленді.