Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Балқаш қаласындағы мектептерге теракт дайындалып жатыр деген хабарламалар тарап кетті. Белгісіз адамдар өздерін «террористік легион» деп таныстырып, қарулы шабуылдар мен «кепілге алу» әрекеттері жайлы жазған, деп хабарлайды Todayinfo.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Таратылған хабарламада полицияға қарсы қорқыту сөздері мен ойдан шығарылған «шабуыл кестесі» де көрсетілген. Кейінірек Telegram желісінде барлық мектептердің сабақтарын тоқтату туралы «ресми хабарламалар» жарияланды. Онда ТЖД атынан жазылғандай безендірілген мәтін болды, бірақ суретте қазір бұл қызметті басқармайтын бұрынғы басшы Мурат Қатпанов бейнеленген.
Полиция мен әкімдік түсініктеме берді
Балқаш қаласының полициясы тараған ақпаратқа жедел жауап беріп, жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді.
«Жоспарланған шабуылдар туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаладағы ахуал тыныш және толықтай құқық қорғау органдарының бақылауында», – делінген ресми хабарламада.
Әкімдік те бұл хабарламаларды фейк деп растады.
«Барлық мемлекеттік қызметтер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардан тек ресми дереккөздерге сенуді, сабыр сақтап, арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз», – деп атап өтті әкімдік.
Жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік бар
Билік өкілдері әдейі жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Айта кетейік, Қазақстанда мектептерге қатысты осындай жалған хабарламалар жиі тіркелуде. Мәселен, 2024 жылдың желтоқсанында Ақтаудағы №1 мектепке бомба қойылды деген ақпарат шыққанымен, ол расталмаған. ІІМ дерегінше, биылғы жылдың басынан бері терроризм актілері туралы жалған хабарламаларға байланысты 168 қылмыстық іс қозғалып, 31 адам ұсталған, оның 12-сі кәмелетке толмағандар.