Фото: instagram.com/kazhenov.aslan
28–30 қараша аралығында өткен маусымның соңғы Grand Slam додасында Қазақстан дзюдо құрамасы бар-жоғы бір ғана қола медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жалғыз жүлдені ұлттық команда лидерлерінің бірі — Абиба Әбужақынова жеңіп алды.
Бұл нәтиже Абибаның әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы табысы болып отыр.
Аталған жарысқа еліміздің үздік дзюдошылары қатысқан. Олардың қатарында:
– Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев пен Нұрқанат Серікбаев (66 кг);
– Мағжан Шамшадин және Аман Бақытжан (60 кг) болды.
Алайда спортшылардың көпшілігі алғашқы айналымнан ары өте алмады.
81 келіде фаворит саналатын Абылайхан Жұбаназар жарысты бірінші белдесуде-ақ грузин балуаны Димитри Гочилаидзеге есе жіберіп аяқтады.
90 келіде Ермахан Әнуарбек алғашқы қарсыласы — әзірбайжандық Аслан Коцоевті жеңгенімен, 1/8 финалда сербиялық Ислам Согеновтен жеңіліп қалды.
100 келі салмақта Шархан Нұрлыхан да, Марат Байкамуров та өз қарсыластарына жол берді. Аса ауыр салмақта Еламан Ерғалиев бахрейндік Азамат Чочаевпен өткен схваткада ұтылды.
Әйелдер арасындағы кездесуде 63 келіде күрескен Есмигүл Құйылова да алғашқы айналымда израильдік Примо Керемнен айласын асыра алмады.
Жарыстан кейін спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желіде ұлттық құраманың нәтижесіне көңілі толмай, сын жазбасын жариялады.
Ол өз жазбасында: “Барғандары бір қора, алғандары бір қола”, – деп өткір пікір қалдырды.
Желі қолданушылары да оның жазбасына қосылып, дзюдошылардың көрсеткішіне қатысты көптеген сын пікірлер қалдырған.
“Абибасыз күндерің қараң”, “Жарайсың Әбиба сенен басқа ешкім жоқ”, Жалпы Қазақстан дзюдосы неге нашар көрсеткіш көрсетеді? Жаттықтыру тәсілі, мектептері бөлек пе, Қыздардан тек бетке ұстар Абиба, жігіттерден Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Мағжан Шамшадин ал басқалары ше? “Келесі Олимпиадада , осы бір-екі қоламен қайтатын сияқты ғой. Олимпиада емес, Әлем чемпионаты емес, жылда өтетін гранд-сламнан әлі алтын ала алмай жүр”, “Қаршадай бір қыз қашанға дейін қазақтың намысын арқалап жүреді? Нәтиже болмаса, басқаларға мүмкіндік берілу керек қой?! Бізде жеңілсе де жеңінен тартып, жарыстан-жарысқа сүйреп жүре береді”, “Айтуғада ұят екен барған жерлерінен қоржынымыз бос қайтып жүргені қашан? Бұндай құрама кімге керек? Нақты жауап беріп жатқан ешкім жоқ”, “Иә өте ұят болды топырлап барып жалғыз қола мен қайтты. Осымен нешінші рет дәл осындай жағдай қайталанып жатыр. Жігіттер қайдасыңдар Абибаның жүлдесімен қашанғы жүресіңдер. Өткендегі Галбадрахқа ұқсайтын қыз қайда? Соны неге апармайды жақсы күресетін еді”, – деген пікірлер көптеп жазылуда.

