Монголияның Баян-Өлгей аймағында орын алған төтенше оқиға елді бірнше күннен бері әбігерге салып жатыр. Дэлүүн ауылында қар көшкіні жүріп, малшыларды басып қалды, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Қар көшкінінің астында қалған бір адам әлі табылмай жатыр. Белсенді топ мүшелері аймақ тұрғындарына үндеу жасап, көмек сұрады. Көшкіннің астында қалған бір малшыны құтқарып қалса, екінші адам әлі табылмаған.
«Өздеріңізге аян, кеше сұмынымызда табиғи апат – қар көшкіні орын алып, отарда жатқан малшы және малды қар басып қалған еді. Міне бүгін сол малшы қауымның біреуі аман-есен табылса, енді бірі әлі табылмады. Үміт үзбей күн-түн демей іздеу үстінде. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей сұмынымыздың Төтенше жағдай мамандары және Аймақтық төтенше жағдайы өкілдері халықпен бірлесе іздестіруді жалғастырып жатыр. Ол жерде соншама қалың адамның жатар орыны, ішер ас, құрал сайманы, техниканың жетіспеушілігі туындап жатыр. Әркім өз шамасынша бензин, су, қаржылай көмек, құрал-сайман жағымен, ішер ас-су, жылы киіммен көмектесетін адамдардың бұл іске демеу болып, қолдау көрсетулерін өтінеміз», – делінген хабарламада.
Аудан тұрғындарының хабарлауынша, қар көшкінінің ұзындығы бір шақырымға, ені 70-80 метрге дейін жетеді. Көшкіннің қалыңдығы 4-5 метр шамасында. Халық малшыларды қардан аршып алу үшін жаппай қолдарына күрек алған. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
«Дэлүүндегі жанашыр жақын аға бауырларым, жағдайды көріп отырсыздар! Бізге бір күрек болсада, қар тазалауға көмектесетін азаматтар керек. Басымызға іс түсіп, балтырымыз сыздаған сәтте, сіздер демеу болады, деп үміттенеміз. Бар үміт халқым сіздерден көмек сұраймыз», – деді ауыл тұрғыны Таңжарық Мизамханұлы.
Монголияда 70 миллионнан астам ұсақ мал басы бар. Қазіргі уақытта елде малға шем-шөп тауып беру басты проблемаға айналған. Қысы ұзаққа созылатын Монголияның батыс өлкесінде жұт басталған.