Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 3 847 өтініш қабылданды. Осы күнге дейін 863 отбасына қаржылай көмек көрсетілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақованың сөзінше, 863 отбасына 292,8 млн теңгеге әлеуметтік көмегі көрсетілді.
Ділдәш Салауатқызының сөзінше, қалған өтініштер қаралып жатыр, толық тексеруден кейін төлемдер жүргізіледі.
«Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге және қиын жағдайға тап болған азаматтарға (отбасына) 100 АЕК мөлшерінде (369 200 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен және жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен қаражат бөлу туралы облыс әкімінің қаулысы негізінде қаражат қарастырылды», — дейді Д.Исқақова.
Облыс бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін кешенді қолдау шаралары атқарылуда.Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған отбасыларға мемлекеттік органдарға жүгінусіз автоматты түрде екінші тоқсанға тағайындауды жүзеге асыруда. Облыс бойынша барлығы 1 097 отбасы АӘК алады. Күні бүгінге Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары және Орал қаласында тұратын 628 отбасына АӘК тағайындау бойынша пролонгация жасалды.
«Сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде облыс бойынша 500 адамды, оның ішінде балаларды қоса алғанда мүгедектікке қайта қарау мерзімі автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектік бойынша жәрдемақы бұрын белгіленген топтар бойынша төленеді. Жағдай үнемі бақылауда», — деді Ділдәш Исқақова.