Жайық өзенінде су деңгейінің көтеріліп, қауіп төндіруіне байланысты Орал қаласында бірнеше күннен бері саяжай тұрғындары көшіріліп жатыр.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өзен жайылмаларында орналасқан 706 саяжай үйін су басты.
Өткен тәулікте облыстық маңызы бар 1 облыстық жолдан су өткен. Су шайып кеткен 60 жол учаскесі бақылауда. Облыс бойынша бұрынғыша 9 елді мекен қатынассыз қалып отыр.
Фото: БҚО ТЖД
«Су тасқыны басталғаннан бері 12 970 адам эвакуацияланса, соның 5 398-і — балалар, 19-ы — мүмкіндігі шектеулі адамдар. Эвакуациялық пункттерде орналасқан 1 801 адамның 777-сі — балалар. 4 886 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Өңірде 1 млн астам еріген қар суы сорылып, 254 120 қапшық төселді. Қазіргі уақытта барлық жұмыстарға 1 452 адам (128 техника, 8 мотопомпа, 9 жүзу құралы, 3 тікұшақ) жұмылдырылды», деп хабарлады ведомстводан.
Фото: БҚО ТЖД
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының мәліметі бойынша бүгін сағат 15.00-де Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 993 текше метр су жіберілуде. Жайықтың Орал қаласы тұсындағы деңгейі 722 сантиметрге жетті.