Батыс Қазақстанда «МунайСпецСнаб Компани» ЖШС жұмысшылары жұмысты тоқтатып, ереуіл жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы KazTAG агенттігіне сілтеме жасап.
Ереуілге шыққандардың айтуынша, бұл әрекетке еңбек құқықтарының бұзылуы, жалақының көтерілмеуі және әлеуметтік әділетсіздік себеп болған.
Жұмысшылардың талабы
Ұжым өкілі кәсіпорын алдында оқыған үндеуінде 28 қазан күні түннен бастап жұмыстың тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Біз, «МунайСпецСнаб Компани» ЖШС жұмысшылары, еңбек құқықтарымыздың бұзылуына алаңдаушылық білдіреміз. Талаптарымыз орындалмағандықтан, 28 қазан күні түннен бастап жұмысты тоқтаттық. Біз әділдікті және еңбекшілердің құқықтарын қорғауды талап етеміз», — делінеді үндеуде.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда компания ғимаратының алдына үлкен топтың жиналып, сөйлеушіні қолдап тұрғанын көруге болады.
Министрліктің жауабы
KazTAG редакциясы бұл жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін Қазақстан Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство өкілдері сауалдың қарастырылып жатқанын және ресми жауап кейінірек берілетінін хабарлады.


