МҰНАР КҮН
(Элегия-реквием)
Бүгін бес ғасыр сөйлеп тұр… Сөйлеп қана тұрған жоқ, жылап тұр. Сөйлейтіндей бар. Жылайтындай да бар. Бес ғасырды басынан өткерген, бес ғасырдың бүкіл тарихына куә болған, бес ғасырдың жырауларын жотасында жырлатып, төбесінде толғантып, шыңына дейін шығарған Алатау аңырып, Алтай аңырап, Шыңғыстау шерленіп тұр қазір. Толқыны тентек, дауылы долы Атлант мұхитының арғы бетінен құлаққа азалы үн келеді. Құдды бір қара қобыздың сазды сарыны секілді. Мұздысы бар, тұздысы бар, Тынығы бар, тұнығы бар, жалпы мұхит атаулы жаппай мұңайып тұрған сынды осы сәтте. Алаш жұртын аялаған атақты жазушы азуын айға білеген алпауыт елде көз жұмды. Өзі де алпауыт болған соң сөйткен шығар, кім біледі…
Мұхтар Мағауин… Баяғыда бір өзі әдебиетіміздің тарихына топтап қосқан бес ғасырдың жыраулары жаппай жорыққа шығатын күн бүгін. Азалы жорық. Қаралы жорық. Жыраулар жорығы. Жырдың жорығы. Жөні басқа жорық. Жосыны бөлек жорық. Жосығы бөлек жорық… Жорықтан қайтарда жарықтықтар Мұхаңды ұлы көшке ілестіріп ерте кетпек. Мұхтар аға соларды руханиятымыздың шежіресіне жас кезінде-ақ зерлі шапанының мол жайылған жеңінен ұстап, жетелеп әкеліп еді. Енді олар қарт жыраудың жасына жеткен Мұхаңды ақ киізге салып аялап, Желмаяға мінгізіп, әлдебір қиырға, дәлірек айтсақ, мәңгіліктің мекеніне әкетіп барады.
Өзі де сол Жыраулар елінің жер бетіне жібере салған парасатты перзенті еді… Мұхаңның басқадан бөлек болмыс-бітімін Қазтуғанның кез-келген тіркесімен сипаттауға болатын-ды. «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті. Айдаса – қойдың көсемі, Сөйлесе – қызыл тілдің шешені. Билер атты би соңы, Би ұлының кенжесі. Буыршынның бұта шайнар ауызы. Бидайықтың көл шайқаған жалғызы. Бұлұт болып айды ашқан. Мұнар болған күнді ашқан…».
Сонымен, қашағанның ұзын құрығы, қасты орданың сырығы – Сүйінішұлы Қазтуғанның соңынан ерді біздің Мұхаң… Қош болыңыз, аға!
Мұнар да мұнар, мұнар күн… Көк мұнар…
* * *
/Суретті түсірген – Шүкір Шахай/
/Сурет алғаш рет жарияланып отыр/