Ел билігінің жоғарғы эшелонында орын алған ауыс-түйістің ішінде көзге түскені премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұрат Нұртілеудің орнынан кетуі.
Мұның астарында Ақорда айналасындағы саяси элитаның талас-тартысы мен жаңа саяси бағыттың белгілері жатуы мүмкін, деп жазады Todayinfo агенттігі.
Ауыс-түйіс Нұртілеу Нью-Йоркте жүрген кезде орын алған. Ендігі жерде экс-министр БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында халықаралық деңгейдегі маңызды жүздесу өткізіп жатқанда, елге қайтпай жатып-ақ қызметінен алынған.
Тоқаевтың Нұртілеуді көмекші етіп тағайындауы, сырт көзге сенімді кадрын сыртқа теппеудің амалы сияқты көрінеді. Дегенмен саясаттанушы Ербол Еділовтің пайымдауынша, соңғы өзгеріс Мұрат Әбуғалиұлының саяси позициясын әлсіретіп, оны маңызды әрі ықпалды лауазымнан алыстатқан.
«Министр әрі вице-премьер кезінде Нұртілеудің Үкіметтегі күн тәртібіне ықпалы зор еді. Экономика мен сыртқы саясатқа қатысты шешім қабылдау процесіне белсенді араласты. Бұдан былай тек президенттің қабылдауына кіріп, ақыл-кеңес берумен ғана шектеледі. Бұрынғыдай үкіметке пәрмен берерлік тетіктерінен толық айырылды», – дейді саясаттанушы.
Еділов Нұртілеудің қызметінен кетуіне Гүлнәр Бәжкенова басқаратын «Орда» порталының атышулы мақалалар сериясы түрткі болуы мүмкін деп топшылайды. Мақаладағы ауыр айыптарға Нұртілеудің жарытымды жауап қатпауы және сотқа жүгінбеуі қоғамның көкейіндегі сауалды көбейте түскен.
«Үнсіздік көпшіліктің күдігін күшейтіп, бұрынғы министрдің саяси имиджіне үлкен нұқсан келтірді. Ел ішінде алыпқашпа әңгімені сол күйі сейілте алмады. Шын мәнінде үнсіздіктің өзі көп нәрсені аңғартады», – депті Еділов.
Cарапшы АҚШ-пен жасалған 4,2 млрд долларлық локомотивтер келісіміне де сын көзбен қарайды.
«АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан президентімен бетпе-бет кездесіп, ал біздің мемлекет басшысымен тек телефон арқылы ғана тілдескені де көп нәрседен хабар береді…», — дейді ол.
Түсінгеніміз, Тоқаев елге ашулы оралған секілді. Ендігі жерде салмағы мығым, мызғымастай көрінген Мұрат Нұртілеудің орнын кім алмастыратыны белгісіз.
Ақпарат көзі: Ertenmedia