UFC ресми түрде жартылай орта салмақтағы чемпиондық жекпе-жекті жариялады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі
10 мамырда Монреальда (Канада) өтетін UFC 315 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық Белал Мұхаммад (24-3) титулын австралиялық Джек Делла Маддаленаға (17-2) қарсы қорғайды. Бұл туралы алғаш болып инсайдер Марсель Дорфф хабарлаған, кейіннен ақпарат UFC-дің әлеуметтік желілерінде ресми түрде жарияланды.
Бұл жаңалық жанкүйерлер үшін күтпеген шешім болды. Бұған дейін көпшілік Белал Мұхаммадтың келесі қарсыласы ретінде қазақстандық Шавкат Рахмоновты (19-0) күткен еді. «Номад» өткен жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрриді жеңіп, титулдық жекпе-жекке басты үміткер атанған болатын. Алайда UFC белгісіз себептермен қазақстандық файтердің орнына басқа қарсылас таңдады.
Бұл шешімнің нақты себебі әлі анықталмағанымен, жанкүйерлер мен сарапшылар Рахмоновтың келесі қадамын қызығушылықпен күтіп отыр.