Close Menu
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Әлем
  • Экономика
  • Жаңалықтар
  • TodayTV
What's Hot

«Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді» – Тоқаев

14 Қазан, 2025

«Педагогтарға қолдау қажет»: Аягүл Миразова жуырда тағайындалған министрге кеңес айтты

14 Қазан, 2025

«Қарияны зат сияқты лақтырған»: Алматыда Қарттар үйіндегі адамға қызметкер адамшошырлық қатігездік көрсеткен

14 Қазан, 2025
Facebook X (Twitter) Instagram
Trending
  • «Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді» – Тоқаев
  • «Педагогтарға қолдау қажет»: Аягүл Миразова жуырда тағайындалған министрге кеңес айтты
  • «Қарияны зат сияқты лақтырған»: Алматыда Қарттар үйіндегі адамға қызметкер адамшошырлық қатігездік көрсеткен
  • «Ұйықтап отыр ма?»: Дәулет Мұқаев Үкімет сағатындағы әрекеті үшін сынға қалды
  • «Әжесіне көмектесуге барған»: Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне байланысты жаңа деректер пайда болды
  • Жиналыс кезінде бейәдеп сөздер қолданған: Шығыс Қазақстанда спорт басқармасының басшысы жазаланды
  • Түркістан облысында биыл 1200 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөндеуден өтедім
  • Тағы бір елдің президенті жастар көтерілісінен кейін елден қашып кетті
  • Байланыс
  • Сайт туралы
  • Жарнама
  • Құпиялық саясаты
Facebook Instagram YouTube TikTok
todayinfo.kz ақпараттық порталыtodayinfo.kz ақпараттық порталы
Рус Қаз
Сейсенбі, 14 Қазан
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Әлем
  • Экономика
  • Жаңалықтар
  • TodayTV
Қаз Рус
todayinfo.kz ақпараттық порталыtodayinfo.kz ақпараттық порталы

Билік үні қалай өзгерді: Назарбаевтан Тоқаевқа дейінгі саяси дискурстың трансформациясы

29 Қыркүйек, 2025 Басты тақырып
Фото: Ақорда
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email

1997 жыл. Қазақстан әлі жас мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне небәрі алты жыл ғана болған. Елдің экономикасы күйзелісте, халық тұрмысы төмен, болашаққа деген сенім әлсіз. Дәл осындай кезеңде Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында: «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деп, биліктің басты бағытын анықтап берді. Бұл – ел тағдырына қатысты стратегиялық бағдар еді: алдымен халықты тоқ қылып, елді дамытып алу, содан соң ғана демократиялық институттарға жол ашу.

2022 жыл. Қазақстан тағы бір тарихи бетбұрыс алдында тұрды. Қаңтар оқиғасы елдің саяси жүйесіндегі терең қайшылықтарды ашып берді. Қоғам әділетсіздікке, жемқорлыққа, билік пен халық арасындағы алшақтыққа қарсы ашық наразылық танытты. Осы сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Біз суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартамыз. Әділетті Қазақстан құрамыз» деді. Бұл мәлімдеме ел тарихында жаңа кезеңнің басталғанын айқындады.

Отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан президенттерінің сөзі ғана емес, биліктің қоғаммен сөйлесу мәнері де түбегейлі өзгерді. Назарбаев дәуіріндегі патерналистік үннен Тоқаев кезеңіндегі диалог пен әділетке ұмтылысқа дейінгі жол – ел саясатының айнасы.

Президент жолдауы – бұл жай ғана жыл сайынғы есеп немесе жоспарлар тізбесі емес. Бұл – биліктің қоғаммен диалогының ең маңызды актісі, мемлекеттік идеологияның көрінісі және саяси бағыттың барометрі. Қазақстанның отыз жылдан астам тәуелсіздік тарихында екі президенттің жолдаулары елдің саяси дискурсының қалай өзгергенін анық көрсетеді.

ТАРИХИ КОНТЕКСТ

Нұрсұлтан Назарбаев 90-жылдардың басында – экономикалық күйзеліс пен саяси беймәлімдік кезеңінде – жаңа мемлекет құру міндетін мойнына алды. Гиперинфляция, жұмыссыздық, кеңестік жүйенің күйреуі жағдайында оның алғашқы жолдаулары елге «аман қалу» стратегиясын ұсынды. Кейін мұнай дәуірі келіп, 2000-жылдардағы жолдауларында Назарбаев өркендеу мен «Қазақстан-2030» сияқты алыс мақсаттарды алға тартты. Ал 2010 жылдарға қарай ол «Мәңгілік Ел» сынды идеологиялық ұрандарға көшіп, жеткен жетістіктерді саралаумен болды. Ал, Тоқаев мүлде басқа тарихи кезеңде билікке келді: 2019 жылғы наразылық толқындары мен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалды.

«Қаңтар» — бұл Назарбаев дәуірінің саяси жүйесінің дағдарысын ашық көрсетіп, жаңа қоғамдық келісімнің қажеттілігін күн тәртібіне шығарды. Дәл осы оқиғадан кейін Тоқаевтың жолдауларында «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» және саяси жүйені түбегейлі реформалау туралы уәделер басты орынға шықты.

«Кез келген талдауда контекст ерекше маңызды. Назарбаевтың дәуіріндегі контекст пен Тоқаев кезңіндегі контекстте үлкен айырмашылықтар бар. Назарбаев билікке келген кезде либерализм ең басты идеология, нарықтық экономикаға өту барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешеімі ретінде қарастырылған еді. Бұл көзқарас 2000 жылдардың ортасына дейін сақталды. Кейін нарықтық экономикаға ауыл тұрғындарының жеткілікті деңгейде ілесе алмағандығы, либерализм ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда және сақтауда жеткіліксіз екені көріне бастады. Сол себепті әлеуметтік мәселелерге, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, жұмыссыздық мәселесіне назар аударыла бастады. 2004 жылдардан бастап ұлттық бірегейлік, мәдени код, ұлттық тарих мәселелері де алға шыға бастады. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттеу жұмысы ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда егемен мемлекеттің дамуы барысында пайда болған сұраныстарға жауап беріп, дағдарыстарды еңсеру қажет болды. Ол қаншалықты тиімді жүзеге асырылды — бөлек мәселе» дейді саясаттанушы Кочйигит Жанерке.

МАЗМҰНДЫҚ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ

1 Назарбаев дәуірінің негізгі тақырыптары (1991-2019):

Назарбаевтың 28 жылдық билігіндегі жолдауларының мазмұны елдің даму кезеңдеріне сәйкес өзгеріп отырды.

  • Мемлекет құру және тұрақтылық (1990-жылдар): Алғашқы жолдаулардың басты тақырыбы – егемендікті нығайту, ұлттық валютаны енгізу, жекешелендіруді жүргізу және этносаралық татулықты сақтау болды. 1997 жылғы «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауында ол: «Біздің ендігі ұрпағымыз болашағын байлап, өмірінің бағдаршамы етер айқын жолды таңдауы тиіс,» – деп, ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын (ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық, экономикалық өсім) алғаш рет айқындады.
  • Экономикалық өрлеу және әлеуметтік модернизация (2000-жылдар): Мұнайдан түскен мол кіріс экономикалық өсімге бағытталды. Инфрақұрылымдық жобалар (Астананың құрылысы), әлеуметтік салаға инвестициялар және Қазақстанды аймақтық көшбасшы ретінде таныту дискурстың өзегіне айналды. 2005 жылғы жолдауында: «Біз экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңарудың жаңа кезеңіне қадам бастық,» – деп, жетістіктерді баса айтты.
  • Ұзақ мерзімді стратегия және идеологиялық жобалар (2010-2019): Бұл кезеңде дискурс нақты экономикалық міндеттерден гөрі, ауқымды, идеологиялық сипат алды. «Қазақстан-2050» стратегиясы (2012 жыл) «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен ұштастырылды. Назарбаев 2012 жылғы жолдауында: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену,» – деп, жаңа мега-мақсат қойды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталды.

2 Тоқаев дәуірінің басымдықтары (2019-2024):

Тоқаевтың жолдаулары қоғамдық сұранысқа жауап беруге тырысады. Оның дискурсы Назарбаевтың дәуірінен мұраға қалған мәселелерді шешуге бағытталған.

  • «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы: Бұл идея 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауда толыққанды ұсынылды. Тоқаев: «Біз суперпрезиденттік басқару үлгісінен түбегейлі бас тартамыз,» – деп, саяси жүйені өзгертуге уәде берді.
  • «Тыңдайтын мемлекет» идеясы: Бұл концепция алғашқы жолдауынан (2019 жыл) бастап айтылды. Мақсаты – азаматтардың үніне құлақ асу. «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату – басты басымдық,» – деді Тоқаев.
  • Әлеуметтік әділеттілік: Табыс теңсіздігі, олигархиямен күрес және активтерді қайтару мәселелері Тоқаев дискурсының маңызды бөлігіне айналды. 2022 жылғы қыркүйектегі жолдауында ол: «Заң мен Әділеттілік үстемдік құрғанда ғана еліміз өркендейді,» – деп атап өтті.
  • Жасанды интеллект: Дамудың ғаламдық жаңа сатысына жеткенін түсінген президент 2025 жылғы жолдауын цифрлық технологияларға, ЖИ-ді елдің барлық саласына енгізуге басымдық беруге шақырды.

РИТОРИКАЛЫҚ СТИЛЬ ТАЛДАУЫ

1 Тілдік конструкциялар:

  • Назарбаев: Бүкіл билік кезеңінде бірінші жақтан сөйлеп («Мен тапсырамын», «Менің Жарлығыммен»), патерналистік және императивті конструкцияларды қолданды. Бұл әсіресе мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінде қатаң тәртіп орнатудың құралы болды. Оның риторикасы өзінің тарихи рөлін («мемлекет негізін қалаушы») және жетістіктерді баса көрсетуге бағытталды. «Біз қол жеткізген жетістіктер» тіркесі оның тұрақты лейтмотивіне айналды. Сөйлем құрылыстары салтанатты, күрделі болды.
  • Тоқаев: Оның стилі көбіне ұжымдық іс-әрекетке шақырады («Біз бірге…», «Бәріміз жауаптымыз»). Ол мәселелерді мойындаудан қашпайды: «Мәселе бар екенін мойындауымыз керек». Бұл диалогтық тон қоғамға серіктес ретінде қарауға тырысатынын көрсетеді. Оның сөйлемдері қысқа, нақты және прагматикалық сипатта. Императивті конструкциялардың орнын ұсыныс пен талқылауға шақыру басып келеді.

2 Символдық тіл:

  • Назарбаев: Ұлттық тарихқа («Ұлы Дала елі»), ата-бабалар өсиетіне және өзінің тарихи миссиясына жиі сілтеме жасады. «Мәңгілік Ел» символы – оның дискурсындағы болашаққа бағытталған негізгі мотив. Ұлттық бірлік дискурсы көбіне этносаралық келісім аясында қарастырылды. Билікті барынша «Елбасы» институтына жақындап, соны орталық етіп алғысы келді.
  • Тоқаев: Символдық тілде азаматтық ұғымдарға көбірек сүйенеді. «Әділеттілік», «Заң үстемдігі», «Адал азамат» сияқты ұғымдар оның негізгі символдық капиталына айналды. Болашақ ұрпақ мотиві жаңа, таза парақтан бастау, «Жаңа Қазақстанды» бірге құру идеясымен байланыстырылады. Соңғы бір жылда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы да нәтижесін беруде.

Саясаттанушы Ж. Кочйигиттің айтуынша: «Кейін  2014 жылдан бастап геосаяси ахуал күрт өзгере бастады, біз сеніп келген либерализм мен нарықтық экономика, жаһадану үдерістерді біз ойлағандай мінсіз емес екені біліне бастады. Осы тұста біз прагматикалық ұстанымға бет бұрдық деп ойламын. Назарбаев 2017 жылғы Жолдауында «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идео­логиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді,» – деген еді. Егер 1991 жылы Назарбаев билікке келген кезде мақсат пен бағдар айқын болса, 2019 жылы Тоқаев билікке келгенде бұрын сеніп келген идеялар құлдырап, ішкі саяси дағдарыс та кульминациялық дамуында еді. Қаңтар оқиғасы Қазақстандағы саяси дағдарыстың кульминациялық даму шегі болып, қоғамда ұзақ жылдар бойы жиналған әлеуметтік-саяси қайшылықтардың ең жоғарғы шиеленіс нүктесіне жеткенін айқын көрсетті. Драматургияда кульминация басты кейіпкердің тағдыршешті әрекеті арқылы тартыстың белгілі бір шешімге ұласуына әкеледі.  Сол сияқты, Қаңтар оқиғасы барысында Тоқаев мемлекеттің бірінші тұлғасы ретінде елді сақтау жолында тағдыршешті әрекеттер жасауға мәжбүр болды. Бұл оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айтылғанымен, тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет тарихында мемлекеттіліктен айырылып қалу қаупін шынайы түрде төндірген алғашқы жағдай осы болды және оның қайта қайталанбауы аса маңызды» екен.

 

НАҚТЫ ЦИТАТАЛАРДЫҢ САЛЫСТЫРМАСЫ

Тақырып Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаев
Экономика «Нарыққа өтудің баламасы жоқ. Бұл ауыр, бірақ қажетті қадам. Біз осы жолдан таймаймыз.» (1993 жыл) «Экономикада монополиядан арылу – негізгі міндет. Адал бәсекелестікке жол ашу керек. Олигархиялық капитализмнен әлеуметтік жауапкершілігі бар нарықтық экономикаға көшуіміз қажет.» (2022 жыл, наурыз)
Саяси жүйе «Бізге мықты президенттік билік қажет. Демократияға біртіндеп, эволюциялық жолмен келеміз. Тәртіп пен тұрақтылық – бәрінен биік.» (1995 жыл) «Суперпрезиденттік басқару үлгісінен өкілеттігі күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу – заман талабы. Саяси бәсекелестік пен партиялық жүйені дамыту керек.» (2022 жыл, наурыз)
Ұлттық идея «Біздің мақсатымыз – ортақ тағдыр, ортақ тарих, ортақ болашақ біріктірген Қазақстан халқының біртұтас ұлт болуы. Бұл – «Мәңгілік Ел» идеясының өзегі.» «Біздің негізгі байлығымыз – адам. «Адал азамат» ұғымы қоғамдық құндылықтардың негізіне айналуы тиіс. Заңға бағыну, еңбекқорлық, отансүйгіштік – осы.» (2023 жыл)

 

«Билік пен халық арасындағы сейілген сенімді орнату үшін Тоқаев бірқатар реформаларды ұсынды. Ол жайлы талдауда жақсы айтылған.

Енді риторикаға келетін болсақ, Назарбаевтың риторикасы суперпрезиденттік жүйеге сай еді, барлық бастамалар мен стратегиялық шешімдер тек Президентке тиесілі еді. Тоқаев керісінше, ұжымдық жауапкершілікке және ел болашағына қатысты жауапкершілікті жұмыла атқаруға шақырады. Назарбаев тұсында да жұмыла әрекет ету, сананың модернизациясы жайлы нарративтер айтылатын еді, бірақ сенім дағдарысы бұл нарративтердің қабылдануына кері әсерін тигізетін еді.

Тоқаев суперпрезиденттік жүйенің қаншалықты тұрақсыз екеніне көзі жеткен соң, бұл жүйден бас тартып, керісінше мықты институттарды құруды мақсат етті. Соның ішінде Парламенттің ықпалы мен беделін арттыру, жауап беретін үкімет қалыптастыру маңызды иедяға айналды.  Бұл идеялар толыққанды орнығып болған жоқ, әлі де даму үрдісінде. Бұл жүйе қалыптасу барысында да жаңа сұраныстар мен дағдарыстар пайда болуы мүмкін, оның барлығын уақыт көрсетеді. Жалпы алғанда, кез келген реформа — оның авторларының көзқарасын білдіреді, оны іс жүзінде қалай жүзеге асыруды алдын ала егжей-тегжейлі болжау мүмкін емес. Сондықтан тәуекелдерді мүмкіндігінше ескеру — ел басшыларының міндеті. Біз бір орында тұрған жоқпыз, даму үстіндеміз, сондықтан тәжірибеге сүйене отырып жаңа өзгерістер мен шешімдер енгізу орынды» дейді саясаттанушы Ж. Кочйигит.

 

КОММУНИКАТИВТІК СТРАТЕГИЯЛАР

1 Назарбаев стилі:

Назарбаевтың коммуникативтік стратегиясы негізінен «ұлт әкесі» немесе патерналистік модельге құрылды. Бұл стратегия тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы белгісіздік жағдайында халықты біріктіру үшін қажет болды. Ол қоғамға қамқоршы, дана басшы ретінде көрінді. Оның жолдаулары – халыққа берілетін нұсқау, талқылауға жатпайтын шешімдер жиынтығы. «Ұлт Көшбасшысы» образы оның сөзінің салмағын арттырып, сынға орын қалдырмауға тырысты. Ол үнемі тарихи жетістіктерге баса назар аударып, өз саясатының баламасыз екенін көрсетті.

2 Тоқаев стилі:

Тоқаев диалогқа ашықтықты бірінші орынға қояды. Оның стратегиясы – прагматик-реформатор образын қалыптастыру. Ол сын-ескертпелерді тыңдауға дайын екенін жиі көрсетеді. Мысалы, Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесін (кейіннен Ұлттық Құрылтай) құру арқылы азаматтық қоғаммен диалог алаңын институционализациялауға тырысты. «Тыңдайтын мемлекет» – оның негізгі коммуникативтік ұраны. Оның дауысы сабырлы, эмоцияға берілмейтін, серіктестікке шақыратын сипатта.

МЕДИА-ПРЕЗЕНТАЦИЯ ЖӘНЕ БАҚ РЕАКЦИЯСЫ

Назарбаевтың жолдаулары әдетте Парламент палаталарының бірлескен отырысында, салтанатты жағдайда өтетін. БАҚ-тағы талқылаулар көбіне бірыңғай, қолдау сипатында болатын. Жолдауды «талқылау» мен «түсіндіру» бойынша кең көлемді идеологиялық жұмыстар жүргізілетін.

Тоқаев бұл форматты сақтағанымен, коммуникацияның жаңа арналарын қосты. Оның жолдауларынан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқылаулар басталады. Оппозициялық пікірлер, сыншыл сарапшылардың ойлары кеңінен таралады. Мемлекеттік БАҚ-тың өзінде де жолдауды талқылау форматы біртіндеп өзгере бастады.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Отандық саясаттанушылардың басым бөлігі дискурстың өзгеруін объективті қажеттілік деп санайды. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, «Тоқаев Назарбаевтың саяси мұрасынан біртіндеп арылуға және өзінің саяси повесткасын қалыптастыруға мәжбүр. Қаңтар оқиғалары бұл процесті жеделдетті». Кейбір сарапшылар реформалардың декларативті сипатына назар аударып, «риторика өзгергенімен, жүйенің өзегі әлі сол күйінде қалып отыр» деген сын айтады.

ҚОҒАМДЫҚ ӘСЕР ТАЛДАУЫ

1 Назарбаев дәуірі (1991-2019):

  • Артықшылықтары: Мемлекеттілік пен шекараның бекітілуі, нарықтық экономиканың негізінің қалануы, Астананың салынуы, этносаралық тұрақтылықтың сақталуы. Бұл жетістіктер қоғамның белгілі бір бөлігінде мақтаныш сезімін тудырды.
  • Кемшіліктері: Жүйелі жемқорлық, әлеуметтік теңсіздіктің артуы, саяси бәсекелестіктің жойылуы, биліктің бір қолға шоғырлануы. Бұл факторлар қоғамда әділетсіздік сезімін күшейтіп, наразылықтың жинақталуына әкелді.

2 Тоқаев дәуірі (2019 жылдан бастап):

  • Жаңашылдықтары: Конституциялық реформа, партияларды тіркеуді жеңілдету, митингілер туралы заңды либералдандыру. Бұл қадамдар қоғамда саяси өзгерістерге деген үміт отын жақты.
  • Қиындықтары: «Жаңа Қазақстан» идеясының нақты іске асуындағы қиындықтар. Инфляция, әлеуметтік мәселелердің өткірлігі. Қоғамның күту деңгейі мен реформалардың нәтижесі арасындағы алшақтық.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНТЕКСТ

Қазақстандағы саяси дискурстың эволюциясы постсоветтік кеңістіктегі ұқсас үрдістердің бір бөлігі болып табылады. Мәселен, Өзбекстанда Ислам Каримовтан кейін билікке келген Шавкат Мирзиёев те экономикалық және саяси либерализацияға бағытталған реформаларды жариялады. Алайда, Қазақстанның ерекшелігі – билік транзитінің екі кезеңді (алдымен формалды, содан кейін Қаңтардан кейінгі нақты) сипатында.

Қорытындылай келе, Назарбаев пен Тоқаевтың жолдауларындағы саяси дискурстың эволюциясы – бұл «мемлекет құру және тұрақтылық» дискурсынан «реформалар мен әділеттілік» дискурсына көшудің идеологиялық көрінісі.

Негізгі айырмашылықтар:

  • Мазмұн: Ұзақ мерзімді мега-жобалардан қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған прагматикалық міндеттерге ауысу.
  • Риторика: Патерналистік-императивті тоннан прагматикалық-диалогтық стильге көшу.
  • Коммуникация: Жоғарыдан төмен бағытталған монологтан қоғаммен кері байланыс орнатуға тырысу.

 

«Ал қазіргі таңда мүлдем жаңа геосаяси контекст қалыптасып жатыр. Кейде контекст, тарихи сәт қайтып оралуы мүмкін бірақ дәл бүгінгідей контекстте әрекет ету тәжірибеміз жоқ. Сондықтан Президент бар ерік жігерін, білімі мен көрегенділігін іске қосып осы жағдайда елді басқарып отыр.

Назарбаевтың кейінгі дәуіріндегі жағдайды 1991 жылмен салыстырсақ, түбегейлі өзгерістерді байқауға болады: интернеттің, әлеуметтік желілердің пайда болуы мен таралуы саяси процестердің табиғатын айтарлықтай өзгертті. Араб көктемі, Украинадағы «қызғылт сары революция» сияқты құбылыстар осы технологиялық серпілістің тікелей салдары еді. Ал бүгінгі Тоқаев дәуірінде сондай деңгейдегі түбегейлі өзгерісті жасанды интеллект әкелмек. Сондықтан мұндай түбегейлі өзгерістер жағдайында басты назарда болатын мәселе – дамудан қалыс қалмау және мемлекеттілікті сақтау» деп пікірін жеткізді саясаттанушы Ж. Кочйигит.

Бұл трансформацияның негізгі себептері – ескі жүйенің өз мүмкіндігін сарқуы, қоғамдағы әділеттілікке деген сұраныстың артуы және 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары тудырған саяси дағдарыс. Болашақта Қазақстандық саяси дискурстың дамуы жарияланған реформалардың қаншалықты жүйелі және қайтымсыз болатынына тікелей байланысты болады.

 

Мейіржан Әуелханұлы, журналист

Todayinfo.kz

жолдау Назарбаев Тоқаев Қазақстан

Оқылып жатыр

«Қарияны зат сияқты лақтырған»: Алматыда Қарттар үйіндегі адамға қызметкер адамшошырлық қатігездік көрсеткен

Тағы бір елдің президенті жастар көтерілісінен кейін елден қашып кетті

Иранда су таусылды. Қазақстанда да осындай жағдай қайталануы мүмкін бе?

Қызмет алушылар құқығы басты назарда

БҚО-да жаңа индустриялық кезең басталады: 14 инвестициялық ірі жоба қолға алынды

Путин Әлиевке AZAL ұшақ апатына кінәсін мойындады

Соңғы жазбалар

«Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді» – Тоқаев

14 Қазан, 2025

«Педагогтарға қолдау қажет»: Аягүл Миразова жуырда тағайындалған министрге кеңес айтты

14 Қазан, 2025

«Қарияны зат сияқты лақтырған»: Алматыда Қарттар үйіндегі адамға қызметкер адамшошырлық қатігездік көрсеткен

14 Қазан, 2025

«Ұйықтап отыр ма?»: Дәулет Мұқаев Үкімет сағатындағы әрекеті үшін сынға қалды

14 Қазан, 2025

«Әжесіне көмектесуге барған»: Ақтөбеде жасөспірімнің өліміне байланысты жаңа деректер пайда болды

14 Қазан, 2025

Жиналыс кезінде бейәдеп сөздер қолданған: Шығыс Қазақстанда спорт басқармасының басшысы жазаланды

14 Қазан, 2025

Түркістан облысында биыл 1200 шақырымнан астам жолдар мен көшелер жөндеуден өтедім

14 Қазан, 2025

Тағы бір елдің президенті жастар көтерілісінен кейін елден қашып кетті

14 Қазан, 2025

«Келісім, гармония»: Жанар Айжанованың қызы екінші ұлына ерекше есім берді

14 Қазан, 2025

Жол ақысы 500 тг. болсын: Энергетика министрлігі түсініктеме берді

14 Қазан, 2025
Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest
  • Жарнама
  • Құпиялық саясаты
  • Байланыс
  • Сайт туралы
© 2025 Todayinfo.kz. Designed by Todayinfo.

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.