Фото: коллаж Todayinfo.kz
Қазақстанда түрлі деңгейдегі лауазым иелерінің шетелге қашуы қоғамда жиі талқыланады. Бірі – миллиардтаған қаржы жымқырғаны үшін, бірі – қызметін асыра пайдаланғаны үшін ел алдында жауап берудің орнына өзге елден баспана іздеп кеткен.Біз елден кеткен атышулы шенеуніктер мен олардың қашу хикаяларын жинақтап, назарларыңызға ұсынамыз.
Мұхтар Әблязов — ең танымал қашқын
«Шетелдегі қашқындар» десек, ең алдымен елдің есіне түсетіні — Мұхтар Әблязов. Бір кездері табысты кәсіпкер, министр, банк басшысы болған ол бүгінде Қазақстанның №1 іздеудегі азаматына айналды.
Оған 160-тан астам эпизод бойынша айып тағылған, іс 2 мың томға жуық. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Әблязов пен оның серіктестері оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қаржы жымқырған.
2009 жылы ол елден қашып, алдымен Ұлыбританияға, кейін Францияға өтіп кеткен. Франция соты оны экстрадициялаудан бас тартқан.
Қазақстанда Әблязов сырттай бірнеше рет сотталған — 2017 жылы 20 жылға, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевтің өліміне тапсырыс берді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Талапкер Иманбаев — 900 миллион теңге жымқырған шенеунік
Міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысы Талапкер Иманбаевтың ісі де ел есінде.
Ол 1998 жылы АҚШ-қа кетіп, сол жақта тұрақтап қалған. 2001 жылы Қазақстанда сырттай 9 жылға сотталған.
Иманбаев кейін сұхбатында: «АҚШ мені саяси себеппен емес, құжаттың негізінде қабылдады. Қазір инженер болып жұмыс істеймін», — деген еді.
Рүстем Тұрсынбаев — «Қазатомөнеркәсіп» ісіндегі миллионер
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 2009 жылы Канадаға қашқан. Оған 20 млн доллар жымқырды деген айып тағылды. 2020 жылы оның Швейцария банктеріндегі шоттарынан 9 млн еуро мен 2 млн доллар табылған. Қазір ол Канадада тұрып жатыр, бірнеше елде жылжымайтын мүлкі бар.
Бергей және Аманжол Рысқалиевтар — саяси босқын мәртебесі бар ағайындар
2012 жылы Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, депутат Аманжол Рысқалиевке қатысты тергеу басталды. 2019 жылы екеуі сырттай сотталып, Бергей – 19 жылға, Аманжол – 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір ағайындылар Ұлыбританияда саяси босқын ретінде тұрады.
Ерқанат Тайжанов — 40 млрд теңгенің ісі
«Азбука жилья» компаниясының басшысы Ерқанат Тайжанов 2015 жылдан бері Аустрияда жасырын өмір сүріп жүр.
Ол 3,3 мың үлескердің 40 млрд теңгесін жымқырды деп айыпталған.
Алайда Аустрия билігі оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.
Виктор Храпунов — марапатсыз қалған министр
Бұрынғы Энергетика министрі, Алматы және ШҚО әкімі Виктор Храпунов 2007 жылы отбасымен Швейцарияға кетіп қалды.
2018 жылы Қазақстан соты оны сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырды.
Ол мемлекет қаржысын жымқырды және пара алды деп айыпталған.
Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Ардан — Astana LRT ісі
Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT жобасының директоры Талғат Ардан да миллиардтаған теңге жымқырды деген күдікпен іздеуде.
Сұлтанбеков АҚШ-та, Ардан Түркияда жүргені айтылады. Екеуі де елге оралмаған.
Серік Күдебаев — шекарадан қашқан генерал
2023 жылы Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев үкім шығар алдында шетелге қашып кетті.тОл қызметін асыра пайдаланды және әрекетсіздік танытты деп айыпталған еді.
Кейін Түркияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.
Мемлекет қаржысын жымқырып, елден қашқан шенеуніктердің саны азаймай отыр. Бірі — Еуропада, бірі — АҚШ-та, енді бірі — Түркияда.
Бірақ олардың ешқайсысы жымқырған ақшаны қайтарып, халықтан кешірім сұраған жоқ.
ҚР Бас прокуратурасы Қайрат Қожамжаровтың да үстінен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
ҚР Бас прокуратурасы:
«Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П. Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың жетекшілігімен жедел-тергеу топтары құрылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деді.
Сондай-ақ, Қожамжаровтың сыбайласы саналатын Олеся Кексельге де іздеу жарияланған.
Олеся Кексель кім?
Олеся Кексель – бұрынғы арнайы прокурор, Қайрат Қожамжаровтың сенімді серіктерінің бірі саналған. Ол экс-премьер Серік Ахметов пен экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы істерді тергеген.
2018 жылы Бас прокуратура жанындағы арнайы прокурорлар қызметін басқарды. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2019 жылы кәсіпкер Нәбиевтің шағымы негізінде Кексель мен әріптесі Бауржан Габбасовқа қатысты «азаптау» бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. Кексель тергеу барысында «қорғану құқығы бар куә» ретінде жауап берген.
Сол жылы Кексельдің Германияға кетіп қалғаны туралы ақпарат тарады.
Ал Алматының бұрынғы әкімі, бұрынғы Nur Otan партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары, Назарбаевтың досының баласы Бауыржан Байбек те ел арасында бейресми «қашқын» деген атағы бар. Ол 2022 жылдың наурыз айында Қазақстаннан кетіп қалған.
Қазір шетелде түрлі қызметпен айналысып жүр деген қауесет бар.