Фотоколлаж: Todayinfo
Журналист Асхат Садырбайдың екінші әйелі одан көрген қорлығын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Айтуынша, екеуі 5 жыл бұрын ажырасып кеткен, алайда экс-күйеуі әлі күнге дейін не өзіне, не әке-шешесіне, туыстарына маза бермей келеді. Айғаным Болатқызының сөзінше, екеуінің ортасында ортақ бала бар. Ал экс-күйеуі өздерін үйсіз далада қалдырып, ортақ пәтерді шешесінің атына жаздырған. Айтуынша ажырасқалы 5 жыл өтсе де, балаға талас бойынша сот әлі күнге дейін жалғасып келеді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Мен Айғаным Болатқызы, Асхат Садырбайдың бұрынғы және екінші әйелімін. Баламның әкесімен бірге тұрғанда қорлық көргенім рас. Әліде ол менің мазамды алып, балаға таласып, сотқа сүйреп жүр. Сіздер білер-білмес басымнан қаншама сот өтті. Бала сотынна бөлек қаншама соттар болды. Мен сұхбат беруге мәжбүр болдым. Сұхбат беріп едім, оны өшірткізіп тастағандары да рас сол саланың адамы болғандықтан. Айтпағым Асхат өзі секілді адамдардың өмірін талқылап, таңғалып рөл ойнап отыр. Салтанаттың (Нүкенова – Бишімбаевтің әйелі) жағдайынан кейін мен Асхаттан кеткеніме қатты қуандым. Бір құдай сақтап қалған екен. Менің ішімнің ашып, жанымның қатты ауыратыны – ол мені қорлады. Бүкіл өмірімді видеоға түсіріп, ар-намысымды қорлап, өмірімді тас-талқан етті. Сұхбатта айтылған деректердің барлығы тіркелген сотта. Мен ішімдегі осы бір шіріген дүниеден құтылғым келді. Менің осыншама өміріме салмақ түсірді, денсаулығыма, көңіл-күйіме қатты әсер етті. Басымнан сот арылмайтынынан, тыныштық бермейтінен шаршап кеттім. Сіздерден көмек сұраймын. Асхат Садырбай маған тыныштық берсін», -деді Айғаным Болатқызы.
Айтуынша, экс-күйеуі өзін үнемі ұрып-соғып отырған. Тіптен көзінің ағып түсе жаздағанын да ашық айтты. Қансырап жатқанда ұялы телефонды тартып алып, екі күн не полиция, не дәрігер шақыруға мүмкіндік бермей анасы екеуі алдаусыратып, үйінде қамап ұстаған деді ол. Ал өзі жұмысқа кеткенде бөлмеге бейнекамера ортанып, әйелін бақылап отырған.
«Бала сотының үстінен тағы сотқа берді. Әкімшілік сотқа. Мен ондайды бұрын білмеппін. Ол кезде сот онлайн, мамасы екеуі экранда отыр. «Біз дайынбыз соттауға, дайынбыз, қашан бастайсыңдар сотты?» деді. Сол кезде мен бірақ «ояндым», қандай адамдармен тұрғанмын деп өкіндім. Екеуі мені соттаймыз дегенде, мен ер-азаматты көрмедім, екі әйелді көрдім. Мамасы бар, үш әйел болып бәріміз жамырап соттасып жүрміз. Ол өзі сияқты ерлермен емес, біз сияқты әлсіз әйелдерге күші жетеді. Маған шамасы жетеді, солай деп ойлаймын. Бішімбаевтің сотына қарап, екеуінің әйелдерге көрсеткен қорлығы бірдей сияқты көрінді. Бишімбаев «ол өзі құлап қалды» деп айтып жатты ғой, сол кезде мен таңғалдым. Олардың әрекеттері ұқсас. Өз басымда да ондай қауіп-қатерлер болды. Өзі өліп қалды дегеннен тайынбайтын адам болды. Кетіп қалғаным дұрыс болды. Түсінбейтін адаммен түсінісеміз деп тұру болмайды екен, оны кейін түсіндім», — деді журналистің бұрынғы әйелі.
Көпшілікке бейнеүндеу жариялап, басынан өткен қиын жағдайын баяндаған Айғаным Болатқызы, экс-күйеуі өзін үнемі камераға түсіріп, мазақ қылған. Айтуынша, әйелін жындыханаға да сүйреп, үйге психоневрологиялық орталықтың мамандарын шақыртқан.
«Еш алаңсыз жүрген жап-жас қыз едім, өмірімді қор қылды. Біреудің қызын қор қылды, өзгенің қызын бағалап, аялау керек, бірінші рет емес, бәлен рет үйленіп жатырсың. Мен жас кезімде 23 жасымда оған тұрмысқа шықтым, оны бағалаған жоқ. Менің туыстарымды да бағалаған жоқ, құрметтемеді, сыйламады. Арызда «мен ұлыммен анамның екі бөлмелі пәтерінде бөлек тұрам деп жазыпты. Оның анасы мені отырғызып қойып, үнемі маған «сен кімге үйленгеніңді білесің бе, білесің бе, ол танымал Асхат Садырбай» дейтін. Мен «жоқ, ол менің күйеуім» дейтінмін. Тұрақты қорлайтын, үнемі жылап қала беретінмін. Біз бірге тұрғанда екі пәтер алды, бірақ екеуін де өзгенің атына жаздырды. Негізі біздің ортақ үйіміз ғой, бірақ пәтерге, дүниеге таласқан жоқпын, құтылғаныма қуандым. Үстім, арқам үнемі көгеріп жүретін. Бір басында зұлымдығы жетерлік, бірақ эфирден ақылды адамның рөлін ойнап жүр. Соңғы төрт жылда кемі 40 шақты сот отырысы болған шығар, мына өмірден шаршап кеттім. Бар ойым баламды жақсы оқытып, бағу. Бірақ ол маған тыныштық берер емес. Табысын жасырып, қақсатып жүріп әрең дегенде 25-30 мың теңге алимент төлейді. Алименттен жалтарған кездерінде сот орындаушыларға жүгіндім », — деді Айғаным Болатқызы.
Ат аталған жағдайға қатысты журналист өз пікірін жариялады. Ол бұл ақпараттардың жалған екенін, бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткендерін айтты.
«Мен туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз бес жыл бұрын ажырасып кеткенбіз. Қазіргі уақытта мен балама көмектесіп, кездесіп тұрамын. Басқа мәселелер бойынша барлық тақырып баяғыда жабылған. Бұл сұхбат пен материалдың мақсатын түсінбедім. Заңгерлерге жүгіндім. Жұмыс істеп жатыр», — деді ол.
Алайда Айғаным Болатқызы небәрі екі апта бұрын ғана кезекті соттың өткенін, алдағы уақытта өзінің құқығын қорғау үшін соңына дейін күресетінін айтты. Ол 8 жастағы Зейін есімді ұлын қалайда өзіне қалдырмақ.
Ақпарат көзі: kyn.kz