Алматы қаласы — елдегі татулық пен рухани тұтастықтың символы. 1 мамыр күні мегаполисте Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған және көпэтносты қоғамның берекесін паш ететін Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Бұл мереке – тек көңіл көтеру ғана емес, ұрпаққа үлгі болатын рухани тәрбие мен патриоттық құндылықтарды ұлықтау алаңы болды.
«Бірлігі жарасқан Алматы» атты мерекелік бағдарлама Абай алаңында басталып, қала әкімдігі мен этномәдени бірлестіктердің қолдауымен халықтың рухын көтеретін, ұлттық болмысты дәріптейтін іс-шараға айналды. Концерттік бағдарламада қазақ халқының мәдениетін, өнерін насихаттайтын әншілер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева, танымал музыканттар мен жастарға үлгі болатын топтар болды.
Алматының әр ауданында ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаларда ұлттық тағамдар, дәстүрлі би мен ән ұсынылды. Этномәдени бірлестіктердің белсенді қатысуы – қазақ халқының көпұлтты ел ретінде бірлік пен сыйластықты жоғары қоятын рухани болмысын паш етті.
Тұңғыш Президент саябағында өткен «Бірлік жүгірісіне» қатысқан 300-ге жуық азамат – жасөспірімдерден бастап зейнеткерлерге дейін — қоғамдағы сау дене мен салауатты рух үндестігін көрсетті. Бұл спорттық шара жастар арасында жауаптылық пен белсенді өмір салтын насихаттауға, суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған оң бастама ретінде бағаланды.
«Халықтар бірлігі назарда» фотокөрмесі — Ассамблея тарихынан сыр шертетін маңызы зор көрме болды. Жастар үшін бұл шара ел тарихын тануға, ұлтаралық татулықты түсінуге және рухани-адамгершілік тәрбиені нығайтуға ықпал етті.
Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев:
«Бірлік күні – бұл мәдени әртүрлілік пен өзара құрметті дәріптейтін, қоғамды біріктіретін ерекше күн. Біздің ортақ болашағымыз – рухани тұтастықта», – деп атап өтті.
Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының төрағасы Абдулхалил Долкунтай болса:
«Бұл – ұлт пен ұрпақтың жарастығын сезіндіретін күн. Біз әрбір ұлт дәстүрін сақтай отырып, Қазақстанның болашағына бірлесе үлес қосамыз», – деп мәлімдеді.
Мереке кешкісін танымал отандық әртістер – Айқын Төлепберген, Бүркіт, «Марсель» тобы сынды орындаушылардың қатысуымен өткен концертпен түйінделді. Бұл кеш — елін сүйген, тарихын құрметтеген, рухани бай ұрпақты тәрбиелеу жолында маңызды мәдени-саяси оқиға болды.