Фото: timesofisrael.com
Израиль үкіметінің үш министрі отставкаға кетті, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Оңшыл «Еврей күші» (Оцма ехудит) партиясы Израильдің ХАМАС ұйымымен жасалған бітіміне наразылық ретінде үш министрдің отставкаға кеткенін мәлімдеді. «Еврей күші» партиясының көшбасшысы, Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды «идеологиялық қызыл сызықтарды кесіп өтті» деп айыптап, ХАМАС-пен жасалған келісімді «терроризмнің толық жеңісі» деп атады.
Ұлттық қауіпсіздік министрінен бөлек, оның партияластары – мұралар министрі Амихай Элиягу және Негев, Галилея және ұлттық тұрақтылық істері министрі Ицхак Вассерлауф та қызметтерінен бас тартты. Сонымен қатар, «Еврей күші» партиясы да басқарушы коалиция құрамынан шықты. Партия өкілдері әскери әрекеттер ХАМАС-қа қарсы қайта басталған жағдайда үкіметке оралуға дайын екендерін жеткізді.
Бітім туралы шешімді қаржы министрі және «Діни сионизм» партиясының жетекшісі Бецалель Смотрич те сынға алды. Дегенмен, Нетаньяху мен Бен-Гвирмен өткен кездесуден кейін Смотрич әзірге үкіметтен шықпауға уәде берді. Алайда ол бітімнің екінші кезеңіне көшу туралы шешім қабылданса, коалициядан шығатынын ескертті. Смотричтің отставкаға кетуі мерзімінен бұрын сайлау өткізуге әкелуі мүмкін.