Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қоюы керек. Ел басқару білгенге — мехнат, білмегенге — қанағат. Маған мехнат болды, себебі, ең ауыр кезең соғыс, күйзелген шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарында ел басқардым. Сол кезде халқымның жағдайы күні-түні есімнен шыққан емес, қайтсем жағдайын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті.
Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың айтқан сөзі. Нұртас Дәндібайұлының өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті.
Бүгінде Нұртас Оңдасынов туып-өскен жер «Нұртас» ауылы деп аталады. Бұрын аталған ауыл Үшқайық елді мекені деп аталатын. Нұртас Дәндібайұлы осы топырақта туғанымен, күнкөрістің жағдайында елден ерте кетіп, Келес кірпіш зауытында жұмыс істеп, сосын Ғани Мұратбаев ұйымдастырған Тәшкендегі №14-ші жетім балалар интернатында оқып, білім алады. Мектеп бітірген соң сол қаладағы Орман шаруашылығы институтына оқуға түседі.
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай айырылған. 1922-1927 жылдары Ташкент орман шаруашылығы техникумында оқыды, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған.
1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін басқарды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елдегі сауатсыздықты жою жұмысын қолға алып, оны сәтті аяқтайды. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында мұғалімдер институтын ашты. 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болды. Ал Гурьев облысында басшылық қызмет атқарған жылдары мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосты.
Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Көзі тірісінде көрнекті қайраткер «Орындалмаған үш арманым бар, – депті. – Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйырмады. Екінші арманым – оңтүстік облыстарда керемет, талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «Жершіл, рушыл», деп айта ма деп қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».
Нұртас Дәндібайұлы: Бірде Сирия мемлекетіне Кеңес Одағының делегация құрамында бардым. Мен Қазақстаннан, астанасы Алматы деп едім ешкім біліңкіремеді. Сосын туған жерім Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін айттым. Сол-ақ екен, жапырлап келіп қолымды алып, үстімдегі киімімнің (ұзын ақ көйлек кигізіп қойған) етегін сүйіп, әбігер болды да қалды. Сөйтсем, бар ғұмырын суфизм ілімін уағыздауға арнаған, даналық ойлармен ұнаған Қожа Ахмет Яссауиды сириялықтар да жақсы біледі, әрі үлкен құрмет тұтады екен. Қожа Ахмет Яссауимен жерлес болғандығым үшін ғана табан астынан ең құрметті болып шыға келдім. Одан кейін барған жердің бәрінде маған ерекше көңіл бөлініп, құрмет жасалатын болды. Сол кезде байқағанмын сөздерімізде, тілде ұқсастықтың барлығын. Содан ой туды — ұқсас сөздерді жинап, мағынасын ашып, кімнен қандай сөз ауысты, өзгерісі қалай дегенді зерттеп, неге сөздік жазбаймын деген.
Нұртас Оңдасынов – арнайы ғылым докторы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Үш жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып, ауыл молдасынан хат таныған ол тынбай оқу іздеп, білімділігімен биікті бағындырды. 1974 жылы көп машақаттан кейін «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Оның 5 том сөздігі үздік-создық ширек ғасыр бойы шығып жатты. Бірақ, Нұртас ата қазақ тілінің лексикалық байлығының үлкен бір саласы болып саналатын араб, парсы сөздерін тілдің қойнау-қойнауларын қалдырмай тінтіп, маржандай тірнектеп жинап, тәптіштеп зерттеуін бір күнде де тоқтатқан емес, оларды сөздік қорына қосып, хаттай берді. Жетелеусіз жемісті еңбек етіп, жетістікке жетті.
Әрбір қазақ төріне жазып іліп қоятын, ұрпақтан ұрпаққа мұра қылып қалдыратын: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген өсиет сөзінің өзі болашақ ұрпақтың санасында тұратын ардақты ой емес пе?
Қазақтың біртуар ірі тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы тәртіпті өзінен бастады. Ешкімнің ала жібін аттамай, мемлекет қамбасына қол салмай, ойлағаны халық қамы болды. Сондықтан да соғыстан соңғы қираған шаруашылық пен тұралаған тұрмысты тез арада аяғынан тік тұрғыза білді. Өз өміріндегі жіберген қателіктерін мысалға ала отырып болашақ ұрпақты сақтандырған ол: Әл-Фараби бабамның мына бір қағидасы үнемі есімде жүреді. Бірде бір замандасы ғұлама ғалымнан: — Алманың қасиеті қып-қызыл болған түсінде ме, әлде бал татыған дәмінде ме?- дегенде, ғұлама ойланбастан: алманың артықшылығы — дәнінде, — деген екен. Сол сияқты, жалпы тіл, дәстүр, салт-сана туралы мақала жазсам әлгі Дәнді — ұлт ұрығынан жоғалтып алмасақ екен деген уайымнан жазамын. Өйткені әйелді орыстан алдым. Өмір бойы сыйластықта өткен әйелімді ол үшін жазғыра алмаймын. Өкінерім балаларымды «жоғалтып» алдым, олар қазақи рухтан, түсінік-түйсіктен, тәлім-тәрбиеден, салт-дәстүрден мақұрым қалды.Ұлт ұрығы — тілі, дәстүрі, салты! Осыдан нәр алған адам ғана өз ұлтының өкілі бола алады.» — деп өткен өмірінің өкінішін жасырмай, ағынан ақтарылты.
Нұртас Оңдасыновтың «Еліме болыса алмадым, елден жырақ жүрдім» деп өкінгені бекер… Өйткені ол өзінің туған жеріне зор көмегін тигізген. Соның бірі – мектеп салдырып бергені. 450 оқушыға лайықталған сол білім ордасы әлі күнге елге қызмет етіп, талай баланың көкірегіне білім нұрын сеуіп тұр. Дарияның жағасында отырғанымен Нұртас Оңдасынов ауылы бір кездері ауыз суға зар болған екен. Себебі ішетін тұщы су болмаған. Оны қаздыруға бір ауылдың күші келмепті. Себебі ол үшін мың метр терең үңгу керек болған. Сонда бүтін бір ауылға үдере көшіп кету қаупі туғанда, оны сақтап қалған басқа емес, Нұртас Оңдасыновтың өзі болыпты. Оны ел әлі күнге аңыз етіп айтып келеді.
Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені белгілі. Абай атындағы Опера және балет театрының, Ғылым Академиясының ғимаратын салу үшін Мәскеуден арнайы архитектор шақыртты, Қыздар педагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңырағын көтеріп, уығын өзі қалады. Одан бөлек, Қарағанды металлургия зауытының, Мойынты-Шу темір жолының салынуына, еліміздің мұнай-газ өндірісінің дамуына барынша ұйытқы болған басшы. Бұрын «Орталық» Ғылым Академиясының филиалы болып қана келген республика ғылымын дербестендіріп, тұңғыш Қазақ ССР Ғылым Академиясын құруда Нұртас Оңдасыновтың сіңірген еңбегі зор. Ол сонау Жезқазғанда экспедицияда жүрген Қаныш Сәтбаевты Алматыға шақыртып, республика ғылымын басқартуы оның адам танитындығын білдірсе керек. Өзін Оңдасынов шәкіртімін деп санайтын мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз кітабында: «Нұртас Оңдасыновтың мектебінен өттім. Сол кісіден алған тәжірибемнің арқасында осындай биікке жеттім» деп жазғаны да бар екен.
Нұртас Оңдасынов туралы еліміздің кез-келген өңіріндегі азаматтар түрлі естелік, пікірлерін білдіріп жатады. Солардың бірі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы Сақыш Қарабалина.
«1955 жылдың көктемі болатын. «Қазақстан Үкіметін басқарған Нұртас Оңдасынов Гурьевке Атқару комитетінің төрағасы болып келіпті…», «Неге сонша төмендетіп жіберді екен…», «Тәжірибесі мол адам ғой, енді Атырау мен Маңғыстауды көтерер…» деген секілді әңгіме ел ішінде бірден көтеріліп кетті. Жаспыз. Мұндай әңгімеге біз де құлақ түріп қоямыз. Жолдасым Өтесінов Рахмет Мәскеудің Мұнай институтын бітіріп келіп, мұнай саласында қызмет істеп жүрген. Мен болсам, мектепте мұғаліммін. Қысқасы, еңбекке енді араласып жатқан кезіміз. Екі жылдан кейін Нұртас Оңдасынов аға Гурьев облысының бірінші хатшысы болып сайланды. Нұртас ағаның ел басқаруы бұрынғы хатшыларға ұқсамайтын, қол астындағы қызметкерлерге бастық болып емес, жөн-жосықты көрсетіп, ақылын айтып отыратын дана қарттай болатын. Қолынан іс келетін, белсенді жастарды үнемі қолдап, көп алдында жақсы істерін айтып, қолпаштап қоятын. Нұртас Оңдасынов Гурьевке басшы болып келгенде өзімен бірге «командасын» ертіп келген жоқ. Обкомда, Атқару комитетінде қызмет істеп жүрген жігіттер: «Қалай болар екен, қызметімізден айрылып қаламыз ба?» – деп күпті көңілде жүргенде бір күні Нұртас аға: «Еш уайымдамаңыздар, қызметтеріңізді атқара беріңіздер. Бірақ адал, жақсы жұмыс істеңіздер, сонда менің досым боласыздар. Басқа жақтан ешкімді шақырмаймын, осы елде де ел басқаратын азаматтар бар…» – депті. Даналық емес пе?! 1961 жылы Өзен мен Жетібайдан мұнайдың мол қоры табылды. Бұл – Одақ бойынша үлкен оқиға. Бірақ бұның бір жаман жағы да болды. Көрші жатқан Түркіменстан мен Әзербайжан республикасының басшылары: «Қазақстан ондай мол мұнайды игере алмайды, сондықтан Маңғыстауды бізге беріңдер», – деп Мәскеудегі Орталық Комитетке бара береді. Бұны естіген Нұртас аға өзінің Үкімет басқарған кезде тапқан достарына, тамыр-таныстарына шығып: «Мұнай институтын бітіріп келген жастар бізде көп, өзіміз игере аламыз», – деп Маңғыстауды қорғап қалады.
Мына бір оқиға осыған дәлел: мұны мұнайшы ортасы аңыздай етіп айтып жүретін, содан менің де құлағымда қалып қойыпты. Шындығына келгенде, ол кезде қазақ мұнайшылары аз еді ғой, оны мойындау керек. Бірақ маман аз деп Маңғыстауды беріп қойсын ба… Содан Нұртас аға атыраулық мұнайшыларды Маңғыстауға жібере бастайды. Үйренген, туған жерден кімнің кеткісі келсін, көбі қарсы болады. Соның бірі – Халел Өзбекқалиев, ол: «Бауырларым науқас, Маңғыстауға бара алмаймын», – дейді обкомның бөлім басшыларына. Оңдасынов аға: «Кадрларыңа кәдірлерің жоқ», – деп Өзбекқалиевті өзіне шақыртады. Халел: «Бауырларымды тастап кете алмаймын, науқас», – дейді. Сонда Оңдасынов аға: «Қалқам Халел, ел басына күн туғанда бауыр емес, өз басыңды да тігесің. Біз шамалы осалдық танытсақ болды түркімендер мен Әзербайжан бауырлар Маңғыстауды алып алғалы тұр. Ел алдында ұят болмай ма, болашақ ұрпаққа не айтамыз…» – деген кезде Өзбекқалиев еріксіз орнынан тұрып, Нұртас ағадан кешірім сұрап: «Барамын Маңғыстауға», – депті». Сегіз жылдың ішінде Маңғыстау мен Атырауды көркейтіп, қаншама азаматтарын тәрбиелеп, биік лауазымды қызметтерге өсіріп кетті. Ел үшін, халық үшін Нұртас ағаның атқарған шаруаларын көне көз қариялар аңыздай қылып айтып отыратын еді. Олардың қатары сиреді… Қарыз болмасын деп, мен де естіген, көрген жайттарымды осылай баяндауды өзіме парыз санадым», деп жазады Сақыш Қарабалина өз жазбасында.
Нұртас Оңдасынов маңғаз Маңғыстау өңірін басқарған тұста қала көркейіп, шатырлары жарқыраған жаңа үйлер көбейді. Жер тұзды, өспейді дегенге қарамай, алма ағаштарын отырғыздырды. Қаланың іргесіндегі «Теңдік» колхозы бау-бақшамен айналысып, қаланы көкөніспен қамтамасыз етті және жаңа бір бастама бастады. Ол «спутник» мектептер салу, яғни ескі мектептің қасынан жаңа мектеп салуды әрбір шаруашылық, өндіріс ұйымдарына тапсырды.
«Құрманғазы мен Динаның елінде ұлт-аспаптар оркестрінің болмауы ұят қой», – деп Алматыда оқу бітіріп жатқан музыканттар Сейілхан мен Раушан Құсайыновтарды Атырауға шақыртып, бүгінгі Дина Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалатқан да Нұртас Оңдасынов болатын.
Бүгінде еліміздің үлкен индустриялық орталығы саналатын Маңғыстау түбегінде Маңғыстау мұнайының 1-эшелоны 1965-жылы 10-шілдеде Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтіліп, өз жұмысын бастаған. Қазір Жаңаөзенде жүз мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі ұрпақ осы үлкен істің басында мемлекет қайраткері, нағыз халқының қамын ойлаған Нұртас Оңдасыновтай ұрпақ ардагерлердің ерен еңбегі жатқанын білуі керек. Жастарға осындай басшылардың саналы істері үлгі болары хақ. Ел мен жері үшін күрескен, қазақ жері саудаға түскенде, қасқайып қарсы тұлға білген тұлғалардың есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа басты парыз.