Шерзат ісі бойынша сотта екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді жауап беріп жатыр,деп хабарлайды Todayinfo.
Оның білімі – орта, ажырасқан және қазір жұмыссыз. Талғар қаласында дүниеге келген.
«Бізді Равиль «Эйфория» кафесіне шақырды. Біз құрбымыз (екінші кәгер – Эльмира Нұрбекова). Түнгі он екіге таман «үйге барамыз» дедік. Нұрқияс бізді «үйге апарып тастаймыз» деді. Көлікке Нұрқияс, мен, Эльмира, Равиль, Шыңғыс және Азамат отырды. Жолда «Қамажай» дүкеніне барып тоқтадық. Бізде де темекі таусылып қалған еді. Дүкен алдында адамдар көп болды. Темекі сұрадық. Бізге сатпаймыз деген соң далаға шықтық. Далаға шықсақ, ерегіс басталып кеткен», — деді ол.
Оның айтуынша, көліктің артына кеткен кезде атыс басталған.
«Бойы ұзын сақалды жігіт бірінші аспанға, кейін бізге қарай мылтықпен екі рет оқ атты. Одан кейін төбелес көшенің арғы бетіне ауысты. Кейін мен қорқып кетіп көлікке отырдым. Себебі мылтық атылғанда өмірім үшін қорқып кеттім. Полицияға хабарласу деген сияқты ой келмеді», — деді ол.
Естеріңізге салайық, былтыр қазан айының басында Талғарда төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Көп ұзамай қара жамылған отбасының үйі жанып кеткен. Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.