Түркістан қаласының ауданаралық сотында блогер Мұрат Әбділдәға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою және жазаның өтелмеген бөлігін қайта бас бостандығынан айыру түрінде өтеу туралы мәселе қаралды. Бұл ұсынысты Сауран аудандық полиция бөлімі жолдаған,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
2024 жылдың 23 тамызындағы Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысына сәйкес, Мұрат Әбділдәға сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін үйінде болу міндеті жүктелген еді. Алайда, полиция өкілдерінің айтуынша, блогер бұл талаптарды жүйелі түрде бұзған.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 17 наурызында, түнгі уақытта учаскелік полиция қызметкері тексеру жүргізу барысында Мұрат Әбділдәнің тұрғылықты мекен-жайында болмағанын анықтаған. Бұл дерек сот отырысында дәлел ретінде расталды.
Айта кету керек, Мұрат Әбділдә 2022 жылдың 31 наурызында Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша (араздық қоздыру) 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл үкім оның әлеуметтік желідегі тікелей эфирде былапыт сөйлеу фактісі негізінде шығарылған.
Кейінірек, 2024 жылдың 9 қыркүйегінде, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.