Балаларға патриоттық тәрбие беру үшін оларға мейірімділік, ізгілік және қайырымдылықты сіңіру керек. Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы облысындағы кішкентай патриоттарға мыңдаған балмұздақ пен ойыншықтар таратылды.
Кішкентай патриоттарға сыйлықтар беріліп, орталық алаңда гала-концерт өтті. Шара балабақша түлектері, жетістіктерге жеткен оқушылар, спортшылар, «Жас сарбаз» және «Жас полицей» сыныптарының оқушыларының шерумен ашылды. Кейін биші балақайлар түрлі ұлт өкілдерінің биін орындады.
Қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, облыс орталығындағы 22 мыңнан астам балалардың жетістіктерін атап өтті. Жас спортшылардың 100-ден аса медальға ие болғанын және 13 290 оқушының арасында 500-ден астамының түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болғанын мақтанышпен айтты. Асхат Бердіханов мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыс етті. Шаһар басшысының атынан 600 балаға сыйлық, 1000 балмұздақ таратылды.
Концерт барысында күй шертіліп, ән айтылды. Суретші, тігінші, қолөнерші балалардың шығармашылығынан көрме ұйымдастырылды. Төтеншеліктер арнайы техника көрмесін өткізіп, өрт сөндіруші мамандығы туралы ақпарат берді. Отбасылық ойындар өткізіліп, балалар шахмат, волейбол, баскетбол, бокс секілді спорт түрлерінен қойылым көрсетті.
Мерекелік іс-шара 3 сағатқа жалғасты. Салтанатты кешке 1500-ден астам бала қатысты. Алматы облысының балаларына жақсы көңіл күй сыйлау барлық аудандар мен ауылдарда ұйымдастырылды. Мәселен, Талғар ауданы, Жалғамыс ауылының тұрғыны Ерлік Тілеубай 400 балаға балмұздақ таратты.
«Балалар біздің болашағымыз. Оларға қамқорлық көрсетіп, уайымсыз өсуіне жағдай жасауымыз керек. Мемлекетте оған толық мүмкіндік бар. Балаларға қиындық көрсетпей, бақытты балалық шақты сыйлау – ересектердің міндеті. Ауылдағы балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін 400 балмұздақ тегін бердім. Қуанған балаларды көргенде, еліміздің болашақ патриоттарының өсіп келе жатқанына көзім жетті», — деді Ерлік Тілеубай.