БҚО-да облыстық басқарма құйтырқылыққа басып, бюджеттің 44 млн теңгесін мердігер компанияға аудартып жіберген. Бұл деректі жергілікті ерікті, «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының басшысы Бауыржан Зәки мен «Күн жарығы» мемлекеттік сатып алу мониторингі қоғамдастығының сарапшысы Арман Ахметқалиев анықтаған. Оны белсенділер әлеуметтік желіде жазды.
Қоғамдық белсенділер мониторинг жүргізу барысында мынадай заңбұзушылық анықтағандарын жазды: «Айдана» ЖШС-ның жол жөндеген аумағында көлденең және параллель жырықтар мен ойықтар пайда болған. Жолдың жартысы мен жиегі бітпеген. Ол аздай, 1 жылдан кейін жаңа асфальт жұрттың көз алдында бұзылып жатыр.
Қоғамдық ұйым өкілі бұл мәселені түбегейлі қарастырып, мына жағдайға көз жеткізген: Goszakup.gov.kz сайтында 2021 жылдың 7 шілдесінде жол басқармасы мен «Айдана» ЖШС арасында 828 миллион теңгеге келісім жасалады. Келісім бойынша, компания Федоровка-Ақсай жолының 28-43 шақырым аралығын орташа жөндеу керек.
Ал былтыр 12 тамызда ревизиялық комиссия мынаны хабарлады: аудит барысында жол басқармасының мердігерге бітпеген жұмыстарға, нақтылап айтқанда, аяқталмаған 6 652 метр жол жиегі үшін ақша аударғаны анықталған. Сөйтіп, «Айдана» ЖШС былтыр 31 қазанда ол қаражатты бюджетке қайтарған. Ал ЖШС-ның өзін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арызды уақтылы бермегені үшін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2023 жылдың 8 желтоқсанында басқарма басшысы Айдар Менеевке ӘҚБтК-нің 207-бабы бойынша 51,7 мың теңге айыппұл салған.
Аудиттен кейін «Айдана» ЖШС 380 метр асфальт төсейді. Одан соң ревизиялық комиссия желтоқсанның 14-інде тексеру материалдарын Антикорға жолдайды. Ал Антикор басқарма басшысы Айдар Менеев пен оның орынбасары Әлия Қабеноваға және аталған ЖШС-ның директоры Армен Амирханянға қатысты іс қозғалмағанын хабарлады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің биылғы 22 ақпандағы жауабына қарағанда, тексеру барысында басқарма басшысының орынбасары А.Қабенова тарапынан заңбұзушылық фактілері анықталмаған. Өйткені төлемді тексеруді қарастыру А. Менеевтің құзырына жатады. Ал нысан бойынша төлемдерге департамент директорының бұрынғы орынбасары Т.С. Шиниязов қол қойған.
Қоғамдық ұйым өкілі бұл жерде жалған атқарылған іс құжаттарына қол қойылып, бітпеген жұмыс үшін «Айдана» ЖШС-ға бюджеттен 44 миллион төлеуге жағдай жасалған деп есептейді. Нақты айтқанда, «Теректі ауылы-Ақсай қаласы» тасжолының жасалмаған бөлігі үшін ақша аударылған деген ұстанымда. Сондықтан БҚО мемлекеттік қызмет істері департаментінен жол басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, қазіргі Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шыниязовқа қатысты тәртіптік іс қозғауды, БАҚ өкілдерін тарта отырып, істі Әдеп жөніндегі кеңесте қарауды сұрап отыр.