Көптен күтілген 320 орындық су жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінен бастап, аудан халқы көптеп қатысты.
Шараға шақырылған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен құрылысқа тапсырыс беруші — «Қарашығанақ петролеум оперейтинг» б.в. компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев сөз сөйлеп, жиналғандарды кешеннің ашылуымен құттықтады.
«Бұл жаңа спорт кешені аудан тұрғындарына спорттың кез-келген түрімен айналысуға үлкен мүмкіндік береді. Яғни, салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, спортқа таланты бар болашақ чемпиондарды дайындап шығаруға үлес қосатын орын болмақ»- деген Қайыржан Ермекұлы аудандық спорт клубының директоры Махамбет Дүйсембиевке салтанатты түрде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан су жаңа микроавтобустың кілтін ұсынды. Одан әрі сөз алған Мұхтар Наурызбайұлы мен жергілікті спорт ардагерлері Тельман Маширов және Қуат Мусин аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз кезегінде Қуат Наурызұлы спорт құралдарын алу үшін спорт ардагерлері атынан 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Шара барысында «QS Capital Construction» ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Мырзабек Абдешев аудандық мәдениет, тілдерді дамыту денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлына жаңа ғимараттың кілтін табыс етті. Салтанатты жиын денешынықтыру сауықтыру кешенінің лентасын қию рәсімімен жалғасты. Бұл маңызды рәсімге атқамінерлермен қатар, күрестен әлем чемпионы Бауыржан Мамбетов пен Кеңес Одағының батыры, тасқалалық С.Жақсығұлов атындағы қазақ күресі турнирінің алғашқы чемпионы Ерболат Жүсіпов қатысты. Осы жерде шашу шашылып, ән шырқалды.
Шараға қатысушылар жаңа спорт кешенімен танысты. Ғимарат заманауи спорттық құралдармен жабдықталған, жаттықтырушылар бөлмесі, тренажер залы медициналық кабинет, гимнастика, күрес залдары, футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаңдары бар.