Фото: ВВС
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында Вашингтон Газа секторын «бақылауына алатынын» және онда экономикалық даму үшін жағдай жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.
BBC -дің жазуынша, АҚШ Газа секторын бақылауына алып, ғимараттарды жермен-жексен ететінін, жарылмай қалған оқ-дәрілерді залалсыздандыратынын, «шексіз жұмыс орындарын» құрып, «сол аймақ тұрғындарына» арналған тұрғын үйлер салатынын айтқан. Бірақ «тұрғындар» деп нақты кімді меңзегенін ашып айтпады.
«Олар Газада, өйткені олардың басқа баратын жері жоқ. Оларда не бар? Оларда қазір үлкен үйінділер қалды. Мен ұзақ мерзімді позицияны көріп отырмын және бұл Таяу Шығыстың осы бөлігіне, мүмкін бүкіл Таяу Шығысқа тұрақтылық әкелетінін көремін және бұл идея бәріне ұнайды», -деді Трамп.
Бұл мәлімдеме Трамптың Газа секторының барлық палестиналық халқын Иордания, Мысыр және басқа елдерге көшіру туралы ұсынысынан кейін жасалды.
Сонымен қатар Трамп палестиналықтардың Газада қалуға тырысуының жалғыз себебі — олардың басқа баратын жері болмауынан деп мәлімдеді. Ол Газа секторын «толықтай бұзатын аймақ» деп сипаттады.