Шымкент қаласының әкімдігі ширек ғасырдан астам тарихы бар «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-не рейдерлік қысым көрсетіп отыр. Қала халқын 98% сумен қамтамасыз ететін компанияның болашағына қауіп төніп тұр. Заңсыз тексерістер мен қысымнан шаршадық деген мекеменің басшылары Алматыға арнайы келіп, БАҚ өкілдеріне шағымдарын айтты. Брифингте мекеменің диреторы Анарбек Орман Шымкент қаласына былтыр тағайындалған әкім келгелі қысым көбейді дейді. Бұған дейін талай әкім Шымкентке басшылықта болғанда ешқандай проблема туындамаған. Тек Ғабит Сыздықбеков әкім болғалы су мекемесінде проблема басталған. Қала әкімі «Су ресурстары маркетинг» мекемесінің директорын бірнеше рет шақырып, компанияны қайтаруды айтқан.
«Бұл жерде әкімнің мүддесі ғана бар. Осы әкімге дейін мұндай проблема болған емес. 26 жыл болды жұмыс істеп жатқанымызға. Бұл әкім келді де, «мемлекетке қайтарам» деді. Біреудің сөзіне ерді ме, не өзінің ойы болды ма, мемлекетке қайтаратынын жария етті. Содан бері 1 жылға жақындап қалды. Мен айтамын да «көрсетсеңізші, сіз қандай заңға сүйеніп қайтарып алмақсыз» деп. Ол тек «стратегиялық нысан» дейді. Сылтау! Мен стратегиялық объект ретінде біздің мекеме 1998 жылы құрылғанын айттым. Ол кезде ондай заң жоқ еді ғой. Ол заң кейіннен пайда болды. Өзіне де алдында кездескенде айтқан. Әкіммен үш рет кездестім. Екінші кездескенде жанында орынбасары, ТКҚ басшысы бар үшеуі отыр. Қабылдауында болдым. Сонда «Біздің кәсіпорынға, я жеке басқа қоятын кінәратыңыз бар ма? Біз қызметті өз деңгейінде атқармай жатырмыз ба? Я болмаса халықтан арыз-шағым бар ма? Әлде салық төлемей жатырмыз ба? Жұмысшыларға еңбекақысын бермей жатырмыз ба? Не болмаса ішіп-жегеніміз бар ма? Қай жағынан сіз кінә қойып отырсыз?» десем, «ешқандай» деді. «Ешқандай болса, неге менің сыртымнан арыз жазасыз. Үкіметке арыз жаздыңыз ғой» дедім. Сөйтсем, үн жоқ. Жауап жоқ», — деді брифингте «Су ресурстары маркетинг» ЖШС директоры.
Су мекемесі 22 пайыздан астамы қалалық әкімдікке тиесілі. Былтыр әкімдік дивидент ретінде компаниядан 235 млн теңге алған. Мекемеде бір мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істейді. Басшылардың сөзінше, мемлекетке қарайтын су мекемелерінің көбі «уботочный», тек субсидия мен тендерге жабысып қалған. Таза мемлекеттің ақшасына арқа сүйеп келеді. Компания құрылғалы мемлекетке 16 млрд теңге салық төлепті. Биылғы салықтың көлемі де шамамен 2,2 млрд теңге болады деп отыр басшылар. Әкімдік судың тарифы Астана және Алматымен салыстырғанда қымбат деп мәлімдеген. Ал шындығында бұл қалалар судың тарифін ұстап тұру үшін мемлекеттің қыруар қаражатын жұмсап отыр. Тендер өткізіп, миллиардтаған қаражатты жұмсап келеді. Ал Шымкент қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме мемлекеттен жыл сайын қаражат алмайды, халықтың бюджеті есебінен тендер өткізбейді дейді басшылары.
«Астана мен Алматымен салыстырғанда бізде су не үшін қымбат? Бюджеттен бір тиын алмаймыз. Тендер деген жоқ. Ал енді Алматы жылына 13 млрд бөлсе, Астана 9 млрд береді. Біз бір тиын алмаймыз. Тапқан табысымыздан 41 пайызды инвестицияға жібереміз. Астана 2, Алматы 7 пайызын ғана инвестицияға, яғни су жұбырын, су жабдықтарын жаңалауға бөледі. Өйткені олар бюджеттен алады. Егер инвестиция жібермесек, 1 текше метр суды 70 метрден алып, әрбір үйдің кранына жеткізіп берсек, онда 1 метр куб суға кететін қаржының өзіндік құны 48 теңге. Республика бойынша ең соңындамыз. Инвестиция есебінен тарифіміз Астана мен Алматыдан жоғары», — деді мекеменің директоры Анарбек Орман.
Әкімдіктен қысым көрдік деп әділдік іздеген кәсіпкерлер бизнесті «мемлекетке қайтару» деген сылтаудың астарында мүдде, ақша жатыр деп санайды. Өйткені халықты сапалы сумен қамтамасыз ету үшін 1100 шақырым су құбыры жаңартылған. Еуропа елдерінің қондырғылары орнатылған. Кезінде қараусыз қалып, бүгінде заманауи озық компанияға айналғанда шенділердің көзі түсті деп санайды мекеменің өкілдері. Компанияның заңгері де әкімдіктің әрекеттерін заңсыз деп бағалайды. Оның айтуынша, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасы кәсіпорынға қарсы үш рет сотқа арыз берген, бірақ нақты негіз болмағандықтан, арыздарын қайтарып алған. Бір миллионға жуық адамды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жайлы Үкіметке үнемі жалған ақпараттар берген. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті де, жауапты министрлік те Шымкент әкімдігінің берген ақпараттарын жоққа шығарған.
«Мемлекеттік орган тарапынан атап айтқанда Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасы біздің үстімізден 3 рет талап арыз беріп, азаматтық іс қозғады. Десе де, ол істер бойынша барлық талап арыздар қараусыз қалдырылды. Өйткені талапкердің өзі арызды қайтарып алды. Әкімдіктегілер жеке кәсіпкер мүлкін мемлекеттің меншігіне айналдырғысы келеді. Айтар уәждері жекешелендіру кезінде қателіктер кетті дейді. Өздеріңізге белгілі жекешелендіру заңы бойынша оның ескіру мерзімі бар. Соған сәйкес 1997-1998 жылдары жекешелендірілген мекемеге қарсы талап-арызды 6 ай ішінде ғана бере алады. Мемлекеттік мекеме осы заңды өрескел бұзып отыр. Және бізді сотқа беретін еш негіз жоқ екенін жеткізгім келеді», – деді заңгер Сағатбек Жұман.
Брифинг өткізген мекеменің өкілдері, 10 жыл бұрын Польша елінен құрылғылар әкеліп, 100 мың текше метрге модернизация жасадық, Ұлыбританияның технологиясын пайдаландық дейді. Су құрылғыларын жаңарту үшін компания Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕБРР) 30 миллирд теңгенің несиесін алған. Одан бөлек компания өздерінің табысы бойынша да инвестиция құйған. Бүгінде шетелдік банк алдындағы компанияның берешегі 11 миллиард теңге.
«Біздің Еуропалық қайта құру және даму банкіне (ЕБРР) берешегіміз бар. Компанияның 54 пайыз үлесі банкте кепілде тұр. Несиеміз бар. Еуропалық банктің штабы Англияда. Мынау айғай-шу болғаннан кейін сол еуропалық банк, елшілік ақылдасқан-ау деп ойлаймын. Қалған ақшамыз қайта ма, қайтпай ма деп ойлап, мына жағдайға алаңдаушылық білдірді. Олар өңірге тағы 5 млрд теңген инвестиция беру керек еді, әкімдіктің әрекетінен кейін инвестиция құюдан бас тартты. Ұлыбританияда су саласы да меншікте, оны әкімнің өзіне елші айтты. «Мына мекеме өте керемет жұмыс істеп жатыр, мемлекет бұған кедергі жасамау керек. Егер осы кәсіпорын жұмысын қолдау керек болса, біз көмектесеміз» деді. Жалпы айтқанда 41 млрд инвестиция тарттық. Біріншіден, мемлекеттен ескі жарамсыз құбырлар аукционнан сатып алынды. Мемлекеттен біз алғанда бар-жоғы сол меншіктің құны 50 млн болса, қазір компанияның құны 50 млрд теңге ғой. Біз алғанда 50 объект болса, қазір 250-300 объектке жақындап қалды. Біз бәрін жаңадан құрдық, тозғандарды ауыстырдық. Осының бәрін мен неге оларға тегін бере салуым керек?! Менің әлі еуропалық банкте несием бар. Ол несиені шешуіміз керек. Мынау біздің еңбегімізді бағалауы керек. Әкімшілік мекемені алғысы келсе біз беруге дайынбыз, тек заң аясында», -деді мекеменің директоры Анарбек Орман.
Бұған дейін су мекемесін қайтару туралы Шымкент әкімдігі ресми түрде жариялаған. Алайда оны қайтарудың заңды тетігі әлі шешілген жоқ. Әкімдікке қарасты 400 шақырымдық су құбыры бар мекеме де бұрын сенімгерлік басқаруда болған. Алайда қалай әкімдік оны қайтарып алды, сол компания шығынға батқан.
«Біздің басымызға түскен жағдайды айтпас бұрын, жалпы елімізде сумен жабдықтау мәселесі қай деңгейде деген мәселеге аз тоқталып өткен жөн. Еліміздегі ауыз су құбырларының желісі әбден ескіргені, кейбір аймақтарда құбырлардың 70 пайызға жуығы тозып біткенін Президенттің өзі айтты. Құбырлардың ескіруі деген не – бұл таза ауыз су алмаймыз деген сөз! Ал құбырларды жаңарту үшін орасан зор қаражат керек. Қарапайым ғана арифметика: 5 жылда ескі тозған құбырлардың ең болмағанда 50 пайыздың деңгейге жеткізу үшін қыруар қаражат керек. Ол ақшаны қайдан аламыз?!
Президент «тариф – инвестиция есебінен» деген бағдарлама қабылдау туралы айтады. Қазірдің өзінде еліміздің бірқатар өңірінде дифференциаланған тариф өсіп жатыр. Соның ішінде Алматыда тариф қымбаттауда. Онсыз тағы болмайды. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Еуропалық қаута құру және даму банкі секілді қаржы институттарымен жұмыс жасау керек. Қазір барлық аймақ осы процесстер туралы айтып жатыр. Автоматизация жасау керек, цифрландыру керек, судың есебін жасау керек. Ал біздің мекеме осының барлығын өзіміз жасап отырмыз! Жұмысты автоматтандырдық. Судың есебін жасадық. Барлығын цифрландырдық. Біздің осындай жүйелі жұмысымызға қарамастан, кенет тексерістен-тексеріп жасалып жатыр. 5 айдан бері салықты да, қаржыны да, басқасын да жөн-жосықсыз тексеріп жатыр.
Әрине біз бұл тексерістердің барлығын әкім Ғабит Сыздықбековтің тарапынан жасалып жатқан қысым деп есептейміз. Басқа не ойлауымыз керек? Қайта-қайта тексеріс ұйымдастырып, 3 мәрте сотқа беріп, 3 мәрте өз талап-арыздарын қайтарып алып отыр», -деді «Су ресурстары маркетинг» ЖШС директорының орынбасары Ирина Казаринова.
Компания өкілдерінің сөзінше, Шымкентте жасалған батыстық технологияларды Астана қаласының әкімдігі қолданысқа енгізбек. Жаңа технология халықты таза ауыз сумен қамтып қана қоймайды, соынмен қатар кәріз жүйесін де қолайсыз иістен тазартады.
«Жеңіс Қасымбек тазарту құрылымында Англияның технологиясын пайдаланғанымызды естіпті. Иіс деген Астанада өте үлкен проблема екен. Ол мені шақырды. «Астанаға жәрдем беріңіз, жақсы жұмыс істеп жатыр екенсіз» деді. «Мақұл» дедім. Сөйтіп, водоканалдың бастығын шақырды. Оны танимын. Әріптесім. Олар келіп, көрді. Біз үйреттік, оқыттық. Енді Астана қаласына Англияның технологиясын енгізуге жәрдем беріп жатырмын. Ал Шымкент әкімдігі соған қарамастан тыныштық бермейді. «14 млрд теңгенің ұрланғанын» жазғанда әкімнен «сіз ол ақшаны қайдан алдыңыз? Бізді ешкім келіп тексермесе, ол қағазды кім берді» деп сұрап едім, ол кісі маған айтпады. Экономикалық тергеу департаменті бізге келді. «Сіздерге қатысты арыз бар, 65 млн теңге алаяқтықпен ұрланды» деген арыз түскен деді. Соны тексереміз деді. Біз «айналайын, арызды бізге көрсет, танысайық» десек, сөйтсек, бір сарапшы соны жазыпты. Ол сарапшы бізге келген де емес. Кейін біздің заңгеріміз интернетке кіріп көрді, сөйтсек, ол эксперттің тексеруге лицензиясы жоқ екен. Содан кейін осының бәрін біздің заңгеріміз жинап, Бас прокуратураға арыз жазды. Бас прокуратура қала прокуратурасына тапсырма беріп, бәрі тексеріп, экономикалық тергеу департаментінің қаулысының күшін жойып тастады. Оған да қарамай, эксперттің тексергенін соттың да шешімімен заңсыз деп таныттық. Сотқа бердік. Әкімдіктің ЖКХ-сын сотқа бердік. Өйткені келісімге қол қойып, экспертті жалдаған екен. Эксперттің тірлігінің бәрін заңсыз деп танып, күшін жойып тастадық», — деді жиын өткізген компанияның директоры.
Нәтижелі жұмысы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қолынан «Алтын сапа» марапатын, «Барыс» ордендерін алған кәсіпорын басшысы рейдерлік әрекет тоқтамаса халықаралық дау туындайды деп санайды. Өйткен компанияның 54 пайызы шетелдік банкте кепілдікте тұр. Ал жалпақ жұртқа су мекемесін қайтарамыз деген Шымкент әкімдігі өздерінің уәжін келтірді.
«Ірі мөлшерде экономикалық заң бұзылған. Осы орын алған кемшіліктерге байланысты экономиканы демонополизация комиссиясына ұсынылған. Сол комиссияның отырысында шешім қабылданған. Оны мемлекетке қайтару деген үлкен мәселе. Оны сот шешеді, сотта екі жақтың да уәжі тыңдалады», – деді Су құбыры және канализация басқармасының бас технологі Нұриддин Жарболов.
Алайда нақты қай заңбұзушылықтың орын алғанын басқарма өкілі нақытлай алмады.