Батыс Қазақстан облысында бұрынғы полицей қызметкері кісі өлтірді деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы Todayinfo.kz сайты «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Фото: mgorod.kz
Оқиға 17 қарашаға қараған түні Тасқала ауданында болған. Ер адамдар арасында ауызша жанжал туындап, кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан ауыр дене жарақатын алған ер адамдардың бірі ауруханада көз жұмған.
Күдіктіні полиция қызметкерлері ұстады. «Ол бұрын теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарылған бұрынғы әріптесі болып шықты», — деп хабарлады прокуратура.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Күдіктінің полиция қызметінен қашан босатылғаны әзірге белгісіз. Облыстық департамент бұл ақпаратты кейінірек беретінін мәлімдеді.
Тергеу жалғасуда, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қызмет бабын атқару кезінде полицей әріптесіне оқ атқаны туралы жазған болатынбыз.