Фото: gov.kz
Ақмола облысы — Қазақстандағы туризм драйверінің бестігіне кіреді. Бұл туралы өңір басшысы Марат Ахметжанов елордадағы брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп беріп, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Өңір басшысы қозғаған тақырыптың бірі туризм саласы.
— Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша туризм саласында оң серпін байқалады. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121%-ға артты, 14 млрд теңгеге қол жеткізілді. Туристер легі 900 мың адам, алдын ала болжам бойынша жылдық көрсеткіш 1,5 млн адамнан асады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды, — деді Марат Ахметжанов.
Әкімнің айтуынша, бүгінде курорттық аймақты 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілді.
— Биыл курорттың ең көркем жерлерінде 8 алаң, 10,2 шақырым заманауи веложол салынды. Ойын элементтері бар бірегей Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Осы туризмдік маусымда алғаш рет тікұшақ экскурсиясы іске қосылды. Сонымен қатар Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталып жатыр, — деп қорытындылады облысы басшысы.

