Екі баланың анасы, америкалық Лорен Бэннон өмірін жасанды интеллектке, нақтырақ айтқанда ChatGPT-ге қарызбын деп санайды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Әйелдің айтуынша, жасанды интеллекті бар чат-бот дәрігерлер көзден тыс қалдырған дерттің себебін анықтап берген.
40 жастағы Лорен Бэннон 2024 жылғы ақпанда таңертең және кешке саусақтарын бүгу қиынға соғатынын байқайды. Төрт айдан кейін дәрігерлер оған ревматоидты артрит диагнозын қояды, бірақ талдау нәтижесі бұл ауруды растаған жоқ, деп жазады Fox News.
Көп ұзамай Бэннонның іші қатты ауырып, бір айдың ішінде ол 6 килодан артық салмақ тастайды. Дәрігерлер мұны қышқылдық рефлюкс деп түсіндіреді.
Дертіне нақты диагноз қоюдан күдерін үзген әйел OpenAI әзірлеген ChatGPT-ге жүгінеді. Чат-бот оған Хашимото ауруы туралы айтады — бұл кезде иммундық жүйе қалқанша безді қате нысанаға алып, қабыну туғызады және оның қызметін баяулатады.
Дәрігерінің қарсылығына қарамастан, Бэннон 2024 жылғы қыркүйекте талдау тапсырып, ChatGPT-нің дұрыс екенін көреді. Одан кейін УДЗ кезінде қалқанша безінен екі шағын ісік табылады, екеуі де қатерлі.
Бэннон ChatGPT болмағанда жасырын қатерлі ісікті ешқашан анықтай алмас еді деп сенеді.
«Мен дәрігерлерден өзімді алданғандай сезіндім. Олар мені тез шығарып салу үшін кез келген дәрі жазып бергісі келгендей болды», — дейді ол.
2025 жылғы қаңтарда қатерлі ісік диагнозы қойылған соң, Бэннон қалқанша безі мен мойнындағы екі лимфа түйінін алып тастату операциясын өткерді. Енді ол өмір бойы бақылауда болады.
«Менде Хашимотоға тән шаршау немесе әлсіздік болған жоқ. Егер ChatGPT-ді қарамағанымда, ревматоидты артритке дәрі ішіп жүре берер едім, ісік бүкіл денеме жайылар еді. Бұл менің өмірімді сақтап қалды», — дейді Лорен Бэннон.
Ол өзгелерге де денсаулық мәселелерін зерттегенде чат-ботты қолдануға, бірақ сақ болуға кеңес береді.
Даллас қаласының шұғыл медицина дәрігері, жасанды интеллект жөніндегі ұлттық баяндаушы доктор Харви Кастро ЖИ құралдарының пайдасын мойындай отырып, олардың адам дәрігерін алмастырмайтынын ескертеді.
«ЖИ адамдық медициналық сараптаманың орнын баса алмайды. Ол көмектесіп, ескерту жасай алады, бірақ диагноз қойып, емдей алмайды», — дейді ол.
Жауапкершілікпен қолданылса, ЖИ медициналық нәтижелерді жақсарта алады, ал оқшау пайдаланылса, қауіпті болуы мүмкін.
Айтпақшы, Мексика ғалымдары иттердің үрінуін “аудару” үшін де жасанды интеллектіні сынап көрмек.