Әлеуметтік желіде кейбіреулер керемет сұхбат беріпті, бір рет көріп шығуға кеңес беремін деп пікір білдірсе, енді біреулер ол атеист мәңгүтрқой тыңдамау керек деп байбаламға салып отыр екен. Осы жерде өз ойымды білдіре кетейін.
Біріншіден: Ғылыми тұрғыдан қарасақ адамның көзқарасын немесе пікірін тыңдамауға негізделген дәлел жоқ, себебі ғылым кез келген идеяны, теорияны немесе пікірді бейтарап түрде бағалайды және айтылған ақпаратты тексеруге негізделеді. Ғылымда пікірдің дұрыстығы адамның сеніміне немесе діни көзқарасына емес, ұсынылған дәлелдер мен фактілердің нақтылығына байланысты. Яғни, әрбір пікірді тыңдаған кезде оның дәлелдері мен логикасын бағалау маңызды. Әр кезде, дәлелденген деректерге ғана сүйену керек.
Егер бір адамның пікірі ғылыми дәлелдерге негізделмеген немесе субъективті көзқарас болса, оның ұсынысын сын тұрғысынан ғана бағалауға болады. Ал, егер пікір тек субъективті көзқарас болуымен қоса ғылыми фактілерге қайшы келіп жатса, оны қабылдау міндетті емес.
Сондықтан, егер біреу дәлелденбеген немесе қате ақпаратты таратып жатса, оны тыңдамау орынды.
Екіншіден: Өзін атеистпін деп айтып жүрген журналист Дәрхан Әбдіктің сөзі субъективті (жеке өз ойы) болып табылады. Ақиқатқа мүлдем жанаспайды. Әрине, сұхбатының арасында қоғамның проблемасын тізбектеп айтқандықтан, әңгімесінде шындық бейнеленгендей көрінеді. Бірақ ол ақиқат дегені емес.
Мысал ретінде “Тәуелсіздік құны…” сұхбатынан бірғана үзінді келтірейін: Ол өз сөзінде, біздің қоғамды біріктіретін идея пісіп жетілмеді дей келіп француз философы Жан Жак Руссоның “Қоғамдық келісім” атты кітабін айтып біздің қоғамымызды Амерекамен салыстырады. Оның бұл айтылған сөзі негізсіз екеніне екі дәлел келтірейін!
Бірінші: Біздің тарих пен Американың тарихи контексті әртүрлі. Салыстыруға мүлдем келмейді.
Америка Құрама Штаттары: 1776 жылы тәуелсіздігін алған ел, еуропалық колонизаторлар негізін қалаған, капиталистік жүйеге ерте көшкен, көпұлтты және демократиялық дәстүрлерді дамытуымен ерекшеленеді. Бейне бір отбасындағы ақсақалды ата тәрізді.
Ал, Қазақстан: 1991 жылы тәуелсіздігін алған, көшпелі өркениетке негізделген тарихи тәжірибесі бар, ұзақ уақыт бойы кеңес одағының құрамында болып, тәуелсіздігін алғанына отыз жыл толса да енді-енді тәй-тәй басып кележатқан бала тәрізді. Оның үстіне саяси жүйеміз де демократиялық стандарттарға толық сәйкес келмейді; өту кезеңіндегі мемлекет.
Бұл айырмашылықтарды ғылыми тұрғыда талдап қарасақ олардың қоғамдарын біздің қоғаммен салыстыруға келмейтіндігін көреміз. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтары бар, сондықтан оларды бірдей стандарттармен бағалау әділетсіз болады Дархан мырза!
Екінші: Қазақ халқын біріктіретін ең құнды идеялар әлдеқашан пісіп жетіліп қойған, олар – тіл, дін, мәдениет, дәстүр, тарих және туған жерге деген сүйіспеншілік. Ортада кейбір алып күштер ұлттық рухымыздың арамызда өсіп жетілуіне, дамып өркендеуіне тосқауыл болып тұрғаны жасырын емес. Уақыты келіп бұл кедергілерді сейілтіп, эволюциялық жолмен дамып өркендейміз әлі. Алланың рахметінен үмітімізді үзбейміз! Сосын, ең болмағанда тарихи жадымыз бар. Яғни, ортақ тарихи оқиғаларымыз бар, мысалға, Жоңғар шапқыншылығы, Алаш қозғалысы немесе Тәуелсіздік жолындағы күрес қазақтарды біріктіретін ұжымдық естеліктер болып табылады. Осы жерде тарихи жад — ұлттың тұтастығы мен мақтаныш сезімін арттыра алатын потенция екенін ұмытпауымыз керек! Айта берсек сөз көп, мына парақшаға сыймайды, сол үшін сөзімді қысқа қайырайын. Ол адамның басына ақыл, жүрегіне иман берсін!
P/S Бір нәрсені ұмытпайық: Ақиқаттың бетін жабу мүмкін емес. Себебі ол күн іспетті, көзін жұмған тек өзіне ғана қараңғы жасайды!
Темур Аманқұл, діни сарапшы