Алматы әкімі кешкі уақытта қаланың көшелерін аралап, сәндік-сәулеттік және көшені жарықтандыру жүйесінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды Todayinfo.
Жарық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған кешенді бағдарлама аясында қолға алынған. Әсіресе, ғимараттардың сәулеттік көркемдігі мен тұрғындардың кешкі уақыттағы қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Жоба аясында энергия үнемдейтін LED-жүйелер мен жарықты интеллектуалды басқару шешімдері орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта Абай мен Достық даңғылдары және Қонаев көшесі бойындағы негізгі нысандарда 21 ғимараттың жарықтандырылуы аяқталып, 1600-ден астам заманауи шам орнатылды.

Сонымен қатар көше жарығын жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Төлебаев көшесінде 97 ескі шамның орнына жаңа жарықдиодты шамдар қойылып, жарық сапасы артты, жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігі жақсарды және энергия тұтыну көлемі азайды.

«Самал De Luxe» тұрғын кешенінің сыртқы жарықтандыру жұмыстары да аяқталды. Мұнда орнатылған 664 шам ғимараттың сәулеттік ерекшелігін айқындап, кешкі уақытта оған ерекше көрік берді.

Нысандарды аралау барысында әкім сыртқы жарық сапасын арттырудың, заманауи әрі энергия үнемдейтін технология енгізудің маңыздылығын атады. Сондай-ақ эстетика, функционалдық және экологиялық тиімділікті ұштастыратын жарық жүйесін қалыптастыру қажеттігін айтты. Жарықтандыру желісін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да орталық көшелер мен тұрғын аудандарда жалғасады.

