Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2024–2025 оқу жылын табысты аяқтаған дарынды оқушылармен кездесті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Іс-шараның басты мақсаты – үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды марапаттап, олардың шығармашылық және білім саласындағы жетістіктерін ел алдында лайықты бағалау. Мұндай кездесулер келешек ұрпақты жігерлендіріп қана қоймай, оларды елге, туған жерге қызмет етуге тәрбиелеудің бір жолы болып отыр.
«Бүгін 2024–2025 оқу жылын сәтті аяқтап, замандастарының ортасынан білімімен, өнерімен танылып, «жүзден жүйрік» атанған, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, биыл Алматы облысындағы 483 мектепте 352 мыңнан астам оқушы білім алған. Жалпы білім сапасы 68,3%-ке жеткен. 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың 1433-і – «Алтын белгі», 1513-і – «Үздік аттестат» иегері атанған. Бұл – оқушының ғана емес, ұстаз бен ата-ананың, білім беру жүйесінің бірлескен еңбегі.
Облыс әкімінің айтуынша, жас жеткіншектердің ғылым мен білімдегі жетістігі – ел ертеңінің жарқын кепілі. Соңғы үш жылда халықаралық және республикалық білім сайыстарында жеңімпаз болған оқушылар саны жылдан жылға артып келеді: 2022–2023 оқу жылында – 104, ал биыл – 160.
«Алматы облысы – дарынды жастардың ордасы. Бұл жетістік тек облыс орталығына ғана тән емес. Шалғай ауылдардағы оқушылар да биіктерді бағындырып жатыр. Жақында Астанада өткен ауыл мектептері арасындағы олимпиадада біздің команда үздік деп танылды», – деді өңір басшысы.
Іс-шара аясында 22 озат оқушы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ олардың білімін шыңдауға үлес қосқан ұстаздарға да ризашылық білдірілді.
Дарынды оқушылардың арасында халықаралық деңгейдегі білім сайыстарының жеңімпаздары мен шетелдік университеттердің грант иегерлері бар. Бұл – жастардың әлеуеті зор екенін көрсететін нақты дәлел.
Кездесу соңында қатысушылар «Дарын» гимнін шырқап, естелік суретке түсті. Облыс әкімі жас буынға болашаққа сеніммен қарауды, ізденуден, оқудан, жаңашылдықтан жалықпау керектігін еске салды.
«Еліміздің болашағы – сіздер. Әрбір қадамдарыңыз тек биік мақсаттарға жетелей берсін», – деді ол.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге, білім арқылы Отанға адал қызмет етуге баулудың маңызды тетігі болып отыр. Жастарды қолдау – Қазақстанның болашағына салынған мықты іргетас.