2 қараша күні Пекиндегі Қазақстанның Мәдениет орталығында Sandyq мейрамхана-музейі ашылады. Жоба қазақ ұлттық асханасын әлемдік аренада жаңа деңгейде таныстырып, елдің мәдени дипломатиясы мен ұлттық брендін нығайтуды мақсат етеді, деп хабарлайды Todayinfo.
Sandyq мейрамхана-музейі жаңадан ашылған Қазақстанның Мәдениет орталығының аумағында орналасқан. Бұл орталық Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин арасындағы келісім аясында іске қосылған болатын.
«Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жеке бренд пен Мәдениет министрлігінің алғашқы бірлескен жобасы. Осы ынтымақтастық аясында мәдениет орталығы тек раритет экспонаттарын таныстыратын орын ғана емес, сонымен қатар тағамдар, музыка, ұлттық киімдер және қазақы қонақжайлық рухы көрсетілетін кеңістікке айналады», — деді Aqniet Group Қадағалау кеңесінің төрағасы Нұржан Ниязалиев.
Мейрамхана-музейде еліміздің әр өңірінен жиналған қазақ мәдениетінің жәдігерлері мен көне рецепттер бойынша дайындалған тағамдар ұсынылады. Sandyq өкілдері Қазақстанның ұлттық асханасы алғаш рет халықаралық деңгейде мәдени стратегияның бір бөлігі ретінде таныстырылады.
Айта кетсек, Қазақстандағы Sandyq мейрамханалар желісінің иесі — қастандыққа ұшыраған шенеунік Руслан Берденов. Ол 2021 жылы Sandyq кофеханасын ашқан. Оның айтуынша, бұл жоба бастапқыда коммерциялық мақсатта емес, Қазақстандағы ұлттық дәстүр мен мәдениетті толық қамтитын алғашқы мейрамхана ретінде ойластырылған.
Руслан Берденов қазір Алматы қаласын дамыту орталығы басшысы болып қызмет атқарады. Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып жүргенде қарулы шабуылға ұшырап, бір өлімнен қалған. 2025 жылы тамыздың соңында өз өтініші бойынша әкім орынбасары лауазымынан босатылды.
Фото: @syrymbek_tau

