Дезинфекция, дезинсекция, дератизацияны ұйымдастыру және жүргізу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар 2024 жылғы 22 қазандағы №87 бұйрықпен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі № ҚР ДСМ-68 «Дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыру және жүргізу бойынша санитарлық талаптарды бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығымен бекітілді.*
Санитарлық ережелердің 11-қосымшасына ғимараттар жиынтығы бойынша өзгерістер енгізілді: қышқылдар, сілтілер және спирт-эфир құралдарын сақтау қоймалары дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсету кезінде аталған құралдарды пайдалану қажет болған жағдайда қолданылады.
Дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарын өндіру дербес ғимаратта, әртүрлі бөлмелерде, ал уландырғыш жемді дайындау желдеткішпен жабдықталған оқшауланған бөлмеде жүзеге асырылады.
«Жұмыс ерітінділерін, эмульсиялар мен жемдерді буып-түю және дайындау желдеткішпен жабдықталған арнайы бөлмеде жүргізіледі. Жұмыс ерітінділерін дайындау, оларды бүрку, уландырғыш жемді жасау арнайы киімдер мен жеке қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдалана отырып жүргізіледі. Дезинфекция құралдарын сақтау және беру бөлмелері әр бөлмеге дербес желдеткішпен қамтамасыз етіледі», — дейді Самат Ахметов Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.
Уландырғыш жемді дайындау және оны буып-түю арнайы жабдықталған бөлмелерде (зертханаларда), желдеткіш астында және қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі. Жем дайындау бөлмелерінде ауа құрамындағы родентицид әсер етуші затының үлгісі мерзімді түрде алынып отырады.
Өндірістік және қойма ғимараттары қажетті технологиялық жабдықтармен, стеллаждармен, сөрелермен, шкафтармен жабдықталады, олардың беті оңай тазаланып, дезинфекцияланатындай болуы тиіс.*
Өндірістік ғимараттарда еден химиялық заттардың әсеріне төзімді жабынмен қапталады. Қабырғаларға, төбеге және құрылыс беттеріне ылғалды тазалауға мүмкіндік беретін әрлеу материалдары қолданылады.
Дезинфекция препараттарын сақтау қоймасы желдеткішпен жабдықталған жеке ғимаратта орналасады. Дезпрепараттар зақымданбаған ыдыстарда сақталады. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация препараттары әртүрлі бөлмелерде жеке сақталады.
Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың өнімдердің мемлекеттік тіркеу куәліктерінің Бірыңғай тізілімінде тіркелген құралдар қолданылады.
Дезинфекция құралдарын ілеспе құжатсыз тасымалдауға, сондай-ақ оларды азық-түлікпен немесе дезинфекцияға қатысы жоқ материалдармен бірге тасымалдауға тыйым салынады.
Қызметкерлерге арналған бөлме қол жуатын раковинамен, душпен (ыстық және суық су жүргізілген), санитарлық тораппен, арнайы және жеке киімді бөлек сақтауға арналған шкафтармен, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәріқобдишамен, жеке қорғаныс және жеке гигиена құралдарымен жабдықталады.*
Арнайы киімді жуу және дезинфекциялау арнайы жабдықталған бөлмеде жүргізіледі. Арнайы киімді үй жағдайында немесе жұмыс бөлмелерінде жууға тыйым салынады.
Дезинфекция құралдарымен жұмыс істеуге кәмелетке толған, денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі.
Дезинфекция құралдарымен жұмыс істеуге қатысатын мамандар әр 5 жыл сайын дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша кәсіби дайындықтан өтеді және жыл сайын дезинфекция құралдарымен қауіпсіз жұмыс жүргізу, улану жағдайында алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету мәселелері бойынша нұсқамадан өтеді.