Қазақстанда Димаш Құдайбергеннің қытайлық Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жасаған ауқымды музыкалық жобасы — Voice Beyond Horizon түсіріліп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Түсірілім тобы Алматы мен Алматы облысында болып, ең танымал локацияларды кадрға түсірді. Олардың қатарында:
-
Қайыңды көлі (су астындағы қылқанды орманымен әйгілі),
-
әлемнің үздік туристік ауылдары қатарына енген Саты ауылы (UNWTO нұсқасы бойынша),
-
Қапшағай су қоймасы,
-
сондай-ақ Арбат, Жасыл базар және метро секілді Алматының ерекше қалалық атмосферасы бар орындар.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әншілер қатысуда. Олардың өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Voice Beyond Horizon жобасы әртістерді ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның туристік әлеуетін де әлемге насихаттауды мақсат етеді. Түсірілімдер географиясы Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарын, сондай-ақ Алматы қаласын қамтыды. Шоудың финалы Астанада өтеді.