Ойтолғам
Батыстық үлгідегі ғылым, әлемдік мәдениеттерге ен салып, еншілеп қойғаны қашан. Егер осы мәдениеттерді шығыстан бастысқа қарай санап шығар болсақ бірінші, Жапон-Қытай мәдениеті, екінші Үнді мәдениеті, үшінші Парсы-Араб мәдениеті, төртінші Мысыр мәдениеті, бесінші Грек — Рим мәдениеті.
Зер сала қарасақ бұлардың бәрі де оңтүстік белдеуде жатыр. Бір-біріне тіркескен вагондар секілді. Жапон-Қытай мәдениеті Парсы-Араб мәдениетімен тікелей шекараласпайды. Арада Үнді мәдениеті бар. Үнді мәдениеті де Грек-Рим мәдениетімен тікелей түйіспейді. Енді осы мәдениеттердің барлығын да солтүстіктен құшақтай жатқан дала мәдениеті бар. Қиыр шығыстан орталық Европаға дейін созылып жатқан Ұлы дала. Сол Ұлы дала мәдениетінің жалғыз өкілі қазір қазақ қана қалып отыр. Бірін бірі жұтып қойып жатқан мәдениеттер майданында бес бірдей әлемдік мәдениетке жұтылып кетпей өзіндік болмысын сақтай алып отырған қазақтың далалық мәдениетіне бас имеуге шара жоқ.
Қазір ғылымда Ұлы оңтүстік (Global South) Ұлы солтүстік (Global North) деген терминдер пайда болды. Ұлы солтүстік дегеннің орнына негізі Ұлы дала десе әділ болар еді. Ұлы дала мәдениеті Қытай мәдениетімен ежелден-ақ біте қайнасып келе жатыр. Мұны қайталап жатудың қажеті жоқ. Үндімен оңтүстігіміз түйісіп жатыр. Сонау Күлтегін заманынан берігі мың жылда қаншама ағайын барып түркілік мемлекеттер құралды ол жақта. Дели сұлтандығы, Ақсақ Темір кезеңі, Ұлы Моғол елі. Айта берсең көп. Парсы-Араб жері де күні кешеге дейін түріктердің қолында еді. Селжук мемлекетті, Хорезмшах мемлекеті, Мәмлүктер елі, Османлы. Бәрі де Түрік мемлекеттері.
Қазақ Ұрым атап кеткен Рим, Европа мәдениеті де жат емес. Атилланы айтпағанның өзінде кешегі Қырым хандығы неше ғасыр ат ойнатты Европада. Қырым татарлары атанып кеткен халықтың тоқсан пайызы қазіргі қазақ руларынан тұрады.
Ал сол мемлекеттердің енші алып шыққан қара шаңырағы қазіргі қазақ даласы — Ұлы дала. Енді осы әлемдік мәдениеттерге төтеп берген дала мәдениетінің қорғаушы күші не?
Жалпы кез-келген ұлттың дамуына, мықты болуына негіз болар үш фактор бар:
Біріншісі — ұлттық шекара (территория)
Екіншісі — тіл
Үшіншісі — дін.
Осы үш фактор бір жерге тоғысқанда мықты ұлт пайда болады. Осы үшеудің біреуі болмаса ол ұлт әлсіз де болса өмір сүре береді. Екеуі жойылса ұлт та жойылады. Ел болып тұра алмайды.
Осы үш тұғыры мығым Ұлы дала сан ғасыр бойы мәдени, әскери экономикалық жақтан өзінен қаншама есе мықты елдерге төтеп беріп, тіпті оларға үстемдік етіп отырды. Азия, Африка, Европаға ат ойнатқан түркілік (далалық) күштің қайнар бұлағы осы үш тұғыр еді. Тілі мен діні бір ел атының тұяғы жеткен жерден жаңа мемлекет құрып, жаңа шаңырақ қуып кете беретін. Алдыңғы екеуі бір болған жерде үшіншіні өздері жасап кете берді. Бір кездері “Түріктер қай жерге барса мемлекет құрады” деген сөз мәтелге айналды. Өйткені алдыңғы екі тұғыр дайын.
Қазіргі қазақ елінде шекара бар. Оған мың шүкір. Ал тіл мен діл алабажақ. Жұдырықтай жұмыла алмай отыруымыздың негізгі себебі осы. Қазақы тілмен айтқанда «ала қойды бөле қырқып, жүнге жарымай отырмыз».
Қазақстанда өмір сүріп отырған тілі де діні де бөлек біреумен тіліне де дініне де (Исламға) берік бір қазақтың біте қайнаса араласуы, шынайы бауыр болып кетуі сирек. Тіпті мыңда бір десе де болады. Ал тілі бөлек болса да діні бір адам анадан гөрі жақынырақ. Қалай болғанда да өзара іш тарту бар. Қазақ елі үшін күйіп пісіп жүргендер тілі де діні де бір қауым.
Енді қайта шегініс жасайық. Махмуд Қашқари атақты «Диван-ы Луғат-ит Түркінде» мынандай біт тұжырым айтады: Түрік халықтарының ішіндегі ең тазасы ортадағы ел. Шет елдермен тікелей араласпай ортада отырған елдің тілі таза.
Ең ортада отырған түрік халқы кім? Қазақ! Қазіргі картаға қарап батысымыз, солтүстігіміз, шығысымыз шет ел ғой. Қырғыз, Өзбек, Түркімен бауырларымыз оңтүстікте ғой деуі мүмкін. Ол қазіргі жағдай. Еділден Орал тауына дейін Ноғай, Башқұрт, Татар жатса, солтүстікте Сібір татарлары атанып кеткен кешегі емшектес бауырлар жатыр. Алтайда төлеңгіттер. Сонда түрік тілдерінің ішіндегі ең тазасы — қазақ тілі. Мұны мен мақтан үшін айтып отырған жоқпын. М. Қашқаридің тұжырымы. Дін бір болуы керек дегеннен шығады. Тіпті бір діннің ішінен Шейиттік бағыт ұстанып кеткен Сафави мемлекеттінің жағдайы не болды?
Тіл бір, (түрік тілі) ұстаным бөлек. XVI ғасырға дейін Түрік халықтарының ішінде мұндай бұра тарту болған жоқ. Шах Исмаил билікке келіп Сафави елі Шейиттік бағыт ұстанды да өзек, қазаққа, Османлыға да жау «Қызылбас» болып шыға келді. Сафавилер біреулер ойлағандай парсылар емес, Түріктер. Тілдік диалекттілері қазіргі Азербайжан. Түркияның тілімен бірдей Түрік тілінде сөйледі. Солардың қол астындағы Парсы жұрты да Шейиттік бағыт алды. Діннің ауысуы емес, ұстанымның (мәзһәбтың) ауысуының өзі осынша алауыздық тудырды. Қазақтың бақыты бір тіл, бір дін (бір мәзһәб), бір тудың астында жиналуында.
Автор: Жандос Қиянбеков