Белгілі олигарх Нұрлан Смағұловтың компаниясы жаңа көлікті зауыттық ақауымен сатып, енді екі жылдан бері Алматы қаласының соттары зардап шеккен тұтынушының емес, олигархтың мүддесін қорғап келеді. Бұл іс Қазақстандағы тұтынушылар құқығының қаншалықты қорғалатынына қатысты күрделі сұрақтар туғызып отыр.
Бұл оқиға жаңа көлік сатып алу қуанышымен басталған. Алайда көп ұзамай көліктің беріліс қорабында (коробка передач) зауыттық ақау бар екені анықталған. Тұтынушы заңды құқығын пайдаланып, сапасыз тауарды сатқан компанияға шағымданған. Бірақ компания өз кінәсін мойындаудан бас тартып, іс сотқа жеткен.
Содан бері екі жыл уақыт өтсе де, тұтынушы әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмай, Алматы қаласының сот табалдырығын тоздырып келеді. Зардап шеккен тараптың айтуынша, сот процестері олигархқа тиесілі ірі компанияның пайдасына шешіліп, қарапайым азаматтың мүддесі ескерусіз қалып отыр.
Ең қауіптісі не?
Бұл жағдай тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Егер көлік жоғары жылдамдықта келе жатқанда беріліс қорабы істен шықса, бұл ауыр жол апатына әкеліп соғуы мүмкін еді.
«Кездейсоқ жол апаты болғанда, кінәні жүргізушінің мойнына ілер еді», — дейді зардап шеккен тарап.
Шынында да, мұндай жағдайда сараптама көбіне жүргізушіні кінәлап, көліктің техникалық ақауы ескерілмеуі ықтимал. Бұл — адам өміріне төнген тікелей қауіп.
Бұл оқиға — ірі бизнес пен қарапайым тұтынушы арасындағы тең емес күрестің айқын көрінісі. Сот жүйесі кімнің мүддесін қорғауы тиіс: ықпалды компанияның ба, әлде өз құқығын қорғауға тырысқан азаматтың ба? Екі жылға созылған бұл іс Қазақстандағы тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы жүйелі мәселелерді тағы бір мәрте паш етіп отыр.