Түркістан облысының тұрғыны, әнші Азода Тұрсынмұрадова полицияға арыз жазып, әділ тергеуді талап етеді, деп хабарлайды Todayinfo.
Әнші тойда ән шырқап тұрғанда, бір ер адам келіп, ұра жөнелген. Әйел орнына тұра алмай қалған.
“Оқиға 31 тамыз күні кешкі Захамбар тойханасында болды. Ештеңе ойламадым, ән айтып тұрған кезде адамдар көп болды. Маған қалай келіп қалғанын байқамадым. Екі қадам басқанда түсініп үлгермедім, соққы тиді. Сол тойханада өз-өзіме келе алмай жарты сағат жаттым. Кім ұрғанын білмедім. Ертеңінде видеодан қарап білдім. Сөйтсем бұрынғы күйеуімнің әкесі екен”, – дейді ол.
Азода бұрынғы күйеуімен төрт ай ғана тұрған. Ең соңғы бір айда күйеуі Павлодарға жұмысқа кеткен.
“Ішіп келіп, ұрғаны бар. Баласы менің атымнан несие алған кезде менің балам кредит алуына сен себепшісің деп ұрсып, шапалақпен ұрған болатын. Күйеуім екіқабат кезімде ішімнен теуіп, 12 рет ұрған. Санап тұрғанмын. Сол кезде шыдай алмай ағамды шақырып, кетіп қалғанмын. Қазіргі кезде ол бостандықта жүр. Негізі күйеуі әйелін ұрса қамайды ғой. Ал ол бостандықта жүр. Мені қоғамдық орында адамдардың көзінше ұрды. Әкесі де бостандықта. Заң бойынша шара қолданылсын. Ешкім жұмыс жасап жатқан жоқ. Сол үшін адвокат жалдадым”, – дейді жәбірленуші.
Азода іс бойынша ешқандай сараптама тағайындалмағанына наразы. Бұрынғы күйеуінің әкесіне Қылмыстық кодекстің 108-109 бабы бойынша айып таққалы отыр. Алайда жәбірленуші оған келіспейді, өйткені қоғамдық орында ұрғаны үшін 293-ші баппен соттауды сұрайды.
“Мені ұрғаннан кейін ағам көмекке келді, ағамды да ұрды. Қасымдағы әкімшіні де сол жерде біреулер жабылып ұрып жатқан. Ағамды экс-қайын атам ұрды. Бұрын 4-5 жыл тұрған кезде екі күннің бірінде ішіп келіп, шу шығаратын”, – дейді ол.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша «ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілген.
“Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етуге жатпайды. Полиция кез келген заңсыз әрекеттерге заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді”, – деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.