Фото: Азаттық
Алматының экс-әкімі әрі бұрынғы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек саясаттан кеткеннен кейін шетелде белсенді жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Саясат пен мемлекеттік қызметтен қол үзген соң, екі жылдан астам уақыт Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып, Қазақстанға инвестиция тартумен айналысқан.
Соңғы бір жарым жылдан бері Байбек Жапонияда еңбек етіп жатыр. Оның қазіргі міндеті жапондық инвестиция мен озық технологияны елімізге тарту арқылы инновациялық жобаларды іске асыру. Сонымен қатар, 2022 жылдың наурызынан бері Байбек онлайн форматта Ақмола облысында жұмыс істейтін «Qazaq Kaolin» компаниясының кеңесшісі қызметін атқарады.
Елден еріксіз кеткен Бауыржан Байбек 2022 жылдың 9 қаңтарынан кейін әлеуметтік желідегі парақшасына ешқандай фото не қандай да бір ақпарат бөліспеген. Экс-шенеунік елде жүргенде әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізбесе де, арасында жазба жариялап, ой бөлісіп тұратын. Саяси қайраткер 3 жылдан бері «жабық» тұлғаға айналып, желіні қолдаунды «қойған». Алайда кейбір әлеуметтік желілерде шетелде оның немен айналысып, қайда жүргені жайлы фото-видеолар ара-тұра жария болады.