Дүниежүзі бойынша үздік 7 беделді олимпиадада жеңіске жеткен 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйлыққа ие болды. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленді. Олар:
- IMO (математикадан);
- IPhO (физикадан);
- IBO (биологиядан);
- IChO (химиядан);
- IOL (лингвистикадан);
- IGeO (географиядан);
- IOI (информатикадан).
Талантты оқушыларды қолдау мақсатында президенттің тапсырмасымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және оларды дайындаған педагогтерге мемлекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалды. Алтын медаль жеңіп алған оқушыға 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы берілді. Ал алтын медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақы 26,5 еселенген мөлшерінде;
күміс медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде;
қола медаль иегерін дайындаған педагогке базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі.
Сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық университеттің кез келгеніне оқуға түсуге білім гранты тағайындалады. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.
Еске салайық, былтыр 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алған еді. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 қазақстандық оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әр екінші қатысушы жүлделі орынға ие болды.