Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы депутаттық сауалында елдегі жастар пайда көздеп, әлеуметтік осал топқа ену үшін ажырасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
«Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі – Қазақстан болды. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды. 2023 жылғы ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты. Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды.Осы ажырасқан отбасылардың көп бөлігі қала тұрғындары. Пайыздық өлшеммен алғанда 73,1 пайызды құрайды», — дейді депутат.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында отбасылардың арасында жалған ажырасу дерегі жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын.
«Жыл басында өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, олардың қоғамды ілгерілетуге байланысты пікірін тыңдап, біраз аманатты арқалап келдік. Сонда жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін қаперімізге тағы салды. Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етіп жатыр. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады», — дейді ол.