Еліміздегі үш мыңнан аса қоқыс полигонының 80%-ы талапқа сай келмейді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Үкімет жариялаған қорытындыға сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта өнеркәсіптегі қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 20%, ал коммуналдық қалдықтар үлесі 22,5% болған. Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) қайта өңдеуге арналған зауыттар салу бойынша 232 млрд теңгеге 94 жоба мақұлданды. Оның ішінде 136 млрд теңгеден астам қаржыға 22 жоба алдын ала мақұлданды.
«Елімізде 3 016 полигон бар. Оның 21%-ы талаптарға сәйкес келеді. Жағдайды жақсарту үшін қолданыстағы ТҚҚ полигондарына қойылатын талаптарды оңайлату тетігі бекітілді. Заңдастыруға жататын полигондарға қойылатын критерийлер мен ең төменгі талаптар белгіленді», – делінген хабарламада.
Қоқыс шығарушы ұйымдарды GPS-трекерлер жүйесіне қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл арқылы қоқыс шығаруға мониторинг жасау мен қадағалауды жақсартуға мүкіндік туады.
Биыл жеті елді мекен ғарыштық мониторинг арқылы рұқсат етілмеген полигондарды анықтау және жою мақсатында тексеріледі. «Е-құрылыс» ақпараттық жүйесінде құрылыс қалдықтарын қадағалау тетігі енгізілді. Бұл құрылыс қалдықтарын тиімді басқаруға және оларды заңсыз орналастырудың алдын алуға мүмкіндік береді.