Фото: ШӨКҚ
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында туризмді дамыту мен шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Осыған орай Ішкі істер министрлігі елге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шараларды қолға алды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
SafeTravel.kz порталына бағыттайтын QR-код карточкалары
Енді елге кірген әрбір шетелдік қонақ шекара бақылауынан өткен сәтте SafeTravel.kz порталына сілтеме беретін QR-коды бар арнайы карточка алады. Бұл портал туристерге Қазақстанда қауіпсіз және жайлы саяхат жасауға қажетті ақпаратты ұсынады. Онда пайдалы мобильді қосымшаларға сілтемелер, қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдар мен шұғыл қызметтер туралы мәліметтер көрсетілген.
QR-код карточкалары алғаш рет елорданың халықаралық әуежайында таратылды.
SafeTravel.kz порталында қолжетімді қызметтер мен мәліметтер:
«102» мобильді қосымшасы және «SOS» функциясы – полициямен жедел байланыс орнату;
Көші-қон заңнамасы бойынша жадынама;
Қаланың картасы және танымал қосымшаларға сілтемелер;
Ресми такси қызметтері мен онлайн-қызметтердің тізімі;
Байланыс операторларының ресми сайттарына сілтемелер;
Жедел жәрдем, өрт сөндіру және құтқару қызметтерімен байланыс нөмірлері;
Түрлі төтенше жағдайлар бойынша әрекет ету алгоритмдері.
Бұл бастама туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанды шетелдік инвестиция үшін тартымды және сенімді орын ретінде танытуға бағытталған.