Батыс Қазақстан облысының ең қарт тұрғыны ел болашағы үшін өзінің таңдауын жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Батыс Қазақстан облысының ең қарт тұрғыны Нұрсұлу Тоқжанова референдумда өз дауысын берді. 104 жастағы қария Шыңғырлау ауылында тұрады. Ғасырдан асқан Нұрсұлу әжейдің өтінішіне орай, №424 референдум учаскесінің мүшелері жылжымалы жәшікті оның үйіне алып барды.
«Нұрсұлу әжей әлі де тың, бүгін балаларын сайлау учаскелеріне жіберіп, өзі немере-шөберелерін бағып қалыпты. Қария Ұлы Отан соғысы кезінде ФЗУ-да оқып, Сталинград заводында жұмыс істеген. Кейіннен Шыңғырлау ауданындағы Қарақай елдімекенінде ұзақ уақыт түйе сауушы болып еңбек етті», -деп хабарлады БҚО-ны әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде 3 немере, 11 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Көпті көрген кейуананың ендігі арманы — елдің тыныштығы мен ұрпақтың амандығы.
— Талай сайлауларға қатысып жүрмін. Дауыс беру — әрбір елдің тұрғыны үшін маңызды. Біз дауыс беру арқылы болашағымызды таңдаймыз. Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Еліміздің болашағы, ұрпағымыздың болашағы үшін ел Президентінің бастамасын қолдаймын,- дейді қария.