Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлемдерін іске асыратыны туралы әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған ақпарат тарап жатқанын ескертеді. Белгісіз адамдар төлемдерді алу үшін «Толығырақ» батырмасын басуды немесе сілтемеге өтуді сұрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жергілікті атқарушы органдар біржолғы төлем түрінде көмек көрсетеді. Олардың мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялардың шешімі бойынша жеке-жеке белгіленеді. Осылайша, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтардың азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін.
Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін ешбір жағдайда сілтемеге өтпеуге кеңес береміз.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы таратылады.
Қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз.
Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын еске саламыз!
Дереккөз: Халық үні