Кісі еңбегімен қадірлі, ел еңбегімен еңселі. Адал маңдай терімен абыройға жетіп, туған топырағының түтінін түзу ұшырып жүрген азаматтар ел ішінде баршылық. Солардың ішінде аты аталып, үлгісі ұлықталар жанның бірі — Айдархан ауылының ардақты перзенті, іскер де ілкімді азамат Қажымұхан Құмарұлы Борашев.
Биыл, 2025 жылдың қыркүйек айында ағамыз зейнеткерлік жасқа аяқ басты. Бұл – бір адамның ғана емес, бір дәуірдің тұтас еңбек шежіресі деуге болады.
Ауылдың қарапайым қара баласы 1962 жылы Жаңақала ауданы Айдархан ауылында дүниеге келіп, туған жердің тұнық ауасын жұтып, құтты топырағында өсіп-өнді. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап еңбекке етене араласып, жастайынан жауапкершіліктің жүгін көтере білді. Әуелі «Бірлік» асыл тұқымды мал шаруашылығында механизатор болып жұмыс істеді. 1980-1982 жылдары Украинаның Днепр қаласында Отан алдындағы борышын өтеді. Әскердегі темірдей тәртіп пен жауапкершілік болашақ еңбеккердің болмысын одан әрі шыңдай түсті.
Әскерден оралған соң ағамыз туған ауылында түрлі салада қызмет етіп, адал еңбектің үлгісін көрсетті. Автокөлік жүргізушісі, кассир, автомеханик болды. Қай қызметті болмасын, жауапкершілікпен, бар ынта-шынтасымен атқарды. 1992 жылы білімін жетілдіріп, ауыл шаруашылығы техникумынан зоотехник мамандығын алып шықты. Бұл оның кәсіби жолындағы жаңа белес болды.
Кейін, еліміз тәуелсіздік алып, халық нарыққа бет бұрған уақытта Қажымұхан Құмарұлы жеке кәсіпкерлікке батыл қадам басты. 1998 жылы әуелі «Достық» шағын кәсіпорнын құрып, кейінірек «Дулат» шаруа қожалығын ұйымдастырды. Төрт түлік мал бағып, ауыл тіршілігінің алға басуына өзіндік үлесін қосты.
Алайда, оның ел есінде қалуына себеп болған ерекше іс — балық шаруашылығын қолға алуы еді. 2016 жылы Қоғалы көлін жалға алып, балық өсіру ісін бастады. Бұрын-соңды ауылда болмаған бұл кәсіп — нағыз жаңашылдықтың, еңбек пен ерен ерік-жігердің жемісі болды. Бүгінде Қоғалы көлінің жағасында жайқалған шаруашылық — бір әулеттің ғана емес, тұтас аймақтың игілігіне айналды.
Ағамыз бұл саланы кәсіби деңгейде дамытып отыр. Арнайы ихтиолог мамандардың көмегіне жүгініп, көлге тұқы, амур, дөңмаңдай және тағы да басқа бағалы балықтардың мыңдаған шабағын жіберуде. Сөйтіп, дәмі тіл үйіретін табиғи әрі сапалы өніммен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етіп қана қоймай, Орал шаһарында сатуды қолға алған. Бүгінде бұл шаруалардың басы-қасында әкенің кәсібін әрі жалғаған ұлы Думан жүр.
-Балыққа да айрықша бап керек. Суға жіберсем өзі өсе береді деген ойдан аулақ болған жөн. Уақтылы жемін беріп, күтімін жасамасаң «жемісін» бермейді. Жалпы, мұқият зерделеп қарағанда балық өсірудің тиімділігі мал шаруашылығымен пара-пар, еш кем емес. Болашақта құр балықтың өзін сата бермей, оның етін, уылдырығын өңдеп, консерві жасап, сатқымыз келеді. Оған қоса, шабақты шеттен тасымай, уылдырығынан өзіміз өсіруді жоспарлап отырмыз, — дейді ағамыз.
Оның бұл еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Жергілікті басылымдар мен телеарналар Қажымұхан Құмарұлы туралы арнайы сюжеттер, мақалалар дайындап, оны өңірдің үлгілі кәсіпкері ретінде көрсетуде.
1983 жылы Қажымұхан ағамыз Алтыншаш Жанұзаққызымен отау көтеріп, тату-тәтті отбасының шаңырағын тікті. Қос қанаттай болып өскен екі ұл мен бір қыз – бүгінгі күні әр салада елге адал қызмет етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар. Олардан өрбіген алты немере, екі жиен, бір шөбере қызығына кенеліп отырған ардақты ата мен әже өмірлеріне шүкіршілік айтудан жалыққан емес.
Бір сөзбен айтқанда, Қажымұхан Құмарұлы — жай ғана еңбек адамы емес, ел тіршілігінің өзегі бола білген, жаңашылдық пен жауапкершілікті жанына серік еткен азамат. Оның өмір жолы — жастарға үлгі, елге өнеге.
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,
журналист,
Жаңақала ауданы