Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасындағы нәтижесі туралы айтты. Бұл туралы Todayinfo.kz порталы.
Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында министр Ермек Маржықпаев баяндама оқыды.
«Біздің спортшылар Олимпиадаға 25 спорт түрінен қатысты. Соның бесеуінен медаль алды (алтын – дзюдо, күміс – бокс, спорттық гимнастика, грек-рим күресі, қола – дзюдо, бокс, нысана көздеу). Жалпы 87 мемлекет Парижде жүлдеге ие болды. Қазақстан командалық есепте 43-ші орында (1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль). Елдос Сметов дзюдо бойынша Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Ол – ел тарихында спорттық гимнастикадан жүлде алған тұңғыш спортшы. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанды. Аталған спорт түрінен 1996 жылғы Атланта (АҚШ) Олимпиадасынан кейін алғаш рет медаль алдық»,- деді министр.
Сондай-ақ Ермек Маржықпаев кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездескенін атап өтті.
«Президент спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Спортқа жүйелі қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», — деді Маржықпаев.
Еске салайық, 27 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездескен еді.