Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің бойындағы елді мекендерде тасқыннан қорғану жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір ұзындығы 102 шақырым, биіктігі 2-4,5 метр бөгеттер тұрғызылды, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Батыс Қазақстан Облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың айтуынша, 800 мыңға жуық қапшық төселген.
Облыс әкімінің орынбасары өңірде әлі күнге дейін қауіп сейілмегенін айтты. Өңірдегі Орал қаласы мен 12 ауданның 8-інде жағдай тұрақталса да Ресейден бастау алатын Жайық өзені қауіп төндіріп тұр. Оның үстіне Сақмара, Илек, Шыңғырлау өзендері осы өзенге қосылады.
«Қауіпті аймақта – облыс орталығы Орал қаласы мен Жайық бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректіде (соның ішінде 84 елді мекенде) 80 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Бүгін толық көлемде үлкен су облыс аумағына, соның ішінде Январцева ауылы гидробекетіне келе бастады. Орал қаласына 19-20 сәуірде келеді деп болжанып отыр», – деді өңір әкімінің орынбасары.
Бұл жұмыстарға 1 265 техника жұмылдырылды. Соның ішінде өзге өңірлерден 790 техника әкелінді.