Еуроодақ елдерінің елшілері Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы 16-санкция пакетін мақұлдады, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері бұл шешімді 20 ақпанда ресми түрде мақұлдап, санкция 24 ақпанда – Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне үш жыл толғанына орай күшіне енеді деп отыр.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жаңа шектеу шаралары Еуроодақ елдеріне ресейлік алюминий өнімдерін сатып алуға кезең-кезеңімен тыйым салады. Бұдан бөлек, Ресейден мұнай экспортына шектеу күшейеді деп отыр.
Бұған қоса, Ресейдің «көлеңкелі флоты» деп аталатын 73 танкер санкцияға ілігеді деп отыр, ақпаратқа қарағанда, олар мұнай саудасында шектеулерді айналып өтуге қолданылады. «Қара тізімге» 13 банк қосылмақшы. Бұған дейін Ресейдің 15 банкі, соның ішінде «Уралсиб» және «Точка» деген банктеріне санкция салынуы мүмкін деген хабар шыққан.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 48 жеке және 35 заңды тұлғаға санкция салынады.
Еуроодақтың Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында Қазақстандағы Kazstanex және «Металлстан» деген компаниялар аталған. Еурокомиссия құжатының жобасы Азаттықтың қолына түскен.
Қазақстанның сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Еуропа одағы Қазақстандағы компанияларды санкция тізіміне қосу-қоспауды егжей-тегжейлі зерттеген соң шешім қабылдайды деп мәлімдеген.